Спорт • Бүгін, 09:08

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының 20 қаңтарда өтетін кезекті турында Алматының «Қайраты» «Астана Аренада» Бельгияның «Брюгге» клубын қабылдайды. Сатылымға шыққан билеттер құны: 1-санаттағы орындар – 50 000 теңге, 2-санат – 35 000 теңге, 3-санат – 25 000 теңге, 4-санат – 15 000 теңге.

Жарыс күнделігі
  • БАӘ-нің Фуджейрасында семсерлесуден Әлем кубогінің кезеңі аяқталды. Еліміз өкілдері арасында Руслан Құрбанов ең тәуір көрсеткішке қол жеткізді. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері 11-орынға табан тіреді. Командалық сайыста жерлестеріміз 13-сатыға тұрақтады.
  • Қазақтың танымал аралас жекпе-жек шебері Бағдос Олжабай 16 қаңтарда Ресейдің Краснодар қаласында өтетін АСА 199 турниріне қатысады. Ол атақты Хабиб Нұрмағомедов жетекшілік ететін Eagle FC лигасының экс-чемпионы, армениялық Жора Айвазянмен айқасады. Қандасымыз осы күнге дейін 21 кездесу өткізіп, соның 17-сінде жеңіске жетсе, қарсыласы 17 бәсекенің тек біреуінде ғана ұтылды.
  • Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы Лондонда өтетін Құрлықтық кубокке қатысады. Жерлестеріміз Польшаның «Катовице», Ұлыбританияның «Ноттингем Пантерс», Данияның «Хернинг Блю Фокс», Францияның «Дюк д’Анже», Латвияның «Могосымен» бірге жарысты екінші кезеңнен бастайды. Турнир 14 қаңтарда басталады.
  • Фристайл-могулдан Канаданың Валь-Сент-Ком қаласында өткен Әлем кубогі кезеңінде еліміздің бірде-бір спортшысы жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік нәтиже Анастасия Городкоға тиесілі. Ол 5-орынды қанағат тұтты. Соның алдында параллельді могулдан да Анастасия дәл сол межеден көрінген еді. Әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Юлия Галышева сайыстың осы түрлерінен 15, 17-орындарда қалып қойды.
  • Германияның Нотшрайе қаласында парабиатлоннан Әлем кубогі өтті. Споринтерлік сайыста сынға түскен Ербол Хамитов қола медальды иеленді. 7,5 шақырымдық қашықтықты 22 минут 9,1 секундта жүріп өткен ол Қытайдың қос өкілі – Лю Мэнтао мен Мао Чжунъунен ғана қалып қойды.
  • Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген «Барыс» қатарынан төртінші кездесуінде жеңіліс тапты. Бұл жолы олар Екатеринбургте жергілікті «Автомобилистке» есе жіберді. Бәсеке өте тартысты өтті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен тең аяқталды. Овертаймда Ярослав Бусыгин жеңіс голын соқты – 2:1.
  • Грузияда туып, АҚШ-та еңбек етіп жүрген армениялық маман Рафаэль Арутюнянның есімі мәнерлеп сырғанаудың Даңқ залына (U.S. Figure Skating Hall of Fame) енді. Кезінде ол Мишель Кван, Сага Коэн, Джеффри Баттл, Мао Асада, Май Асада, Александр Абт, Сергей Воронов, Иван Диниев, Александр Шубин, Нейтан Чен, Адам Риппон, Эшли Вангер, Мэрайя Белл, Ромен Понсар, Михал Бржезина, тағы басқа жұлдыздарды баптады. Қазіргі кезде Арутюнян әйелдер арасындағы еліміздің ең үздік сырғанаушысы Софья Самоделкинаны жаттықтырып жүр.
  • Шешенстанның бас шаһары – Грозныйда аралас жекпе-жектен АСА турнирі ұйымдастырылды. Жарыста қазақтың екі спортшысы күш сынасып, бірі қуантты, екіншісі мұңайтты. Аса жеңіл салмақтағы Қайрат «Қазақ» Ахметов (31-2) жергілікті файтер Мансур Хатуевты (16-6) төрешілердің шешімімен еш күмәнсіз ұтып, 38 жасқа келсе де әлі де бабында екенін байқатты. Кейінгі кездері бірде ұтып, бірде ұтылып жүрген жартылай ауыр салмақтағы Асылжан «Сақ» Бақытжанұлын (17-5-1) бұл жолы шешен жігіті Сулим Баталов (9-1) бірінші раундта-ақ ауыр соққыларымен сұлатып салды. 
Соңғы жаңалықтар