Фото: ашық дереккөз
Bloomberg дерегіне қарағанда, осы айда CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай тәулігіне небәрі 800-900 мың баррель көлемінде жөнелтіледі. Бұл желтоқсан айының ортасында күтілген деңгейден шамамен 45 пайызға аз. Алдын ала жоспарланған 45 танкердің кемінде 21-і рейстен алынып тасталған.
Қазақстанның мұнайын тасымалдайтын танкерлер шабуылға ұшырады
Мәселенің түп-төркіні порттағы кемелерді қатарлап қабылдай алмауында жатыр. Қалыпты жағдайда мұнай таситын кемелер арнайы айлақтарға келіп, құбыр арқылы мұнайды тікелей бортына құяды. Ал қазір сол айлақтардың бір бөлігі істен шыққан. Соның кесірінен порт бір мезетте көп кеме қабылдай алмай, мұнай теңізге уақытында жөнелтілмей отыр.
Жақында ауа райының қолайсыздығы жұмыстарды бірнеше рет тоқтатты. Бұған қоса, жөндеуден шығуы тиіс екінші айлақ әлі іске қосылған жоқ. Қазір тек бір айлақ қана жұмыс істеп тұр, оның өзі үзіліспен. Үшінші айлақ өткен жылдың қараша айының соңында дрондар шабуылынан зақымданған. Ал Қазақстан мұнайын бұрынғы көлемде экспорттау үшін портта кемінде екі айлақ қатар жұмыс істеуі қажет, үшіншісі сақтық қоры ретінде тұруы тиіс.
Дереккөздердің айтуынша, порттағы мұнай сақтайтын қоймалар толып кеткендіктен, құбыр арқылы келетін мұнайды қабылдау да уақытша тоқтатылған. Яғни жер қойнауынан өндірілген мұнайды теңізге шығаратын орын болмай қалды.
Өткен жылы Қазақстан тәулігіне шамамен 1,8 млн баррель мұнай өндірді. Алайда елдің ішкі тұтынуы мен КҚК-ден өзге бағыттар арқылы сыртқа шығара алатын көлемі соның жартысына ғана жетеді. Сондықтан теңіздегі бұл түйткіл ұзаққа созылса, мұнай өндіруді азайту қаупі бар.
Ирандағы ахуалға байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсті
Теңізге шықпай қалған мұнай азайған сайын оның бағасы қымбаттай бастады. Нарықта CPC Blend маркалы мұнай тапшы болып, бір жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет үстеме бағамен сатыла бастады. Кейбір партиялар Brent бағасына барреліне 1,20 доллар қосып өткен, ал көп келісім 60-80 цент аралығында жасалған.
Әдетте КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың шамамен 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ресей мұнайы тәулігіне орта есеппен 150 мың баррель көлемінде жөнелтілетін. Алайда Каспий теңізіндегі Лукойл нысандарына дрондар шабуыл жасағаннан кейін бұл бағыттағы тасымал да күрт қысқарды.
Қысқасы, мәселе мұнайдың жоқтығында емес, оны теңізге шығаратын жолдың уақытша тарылуында. Порт толық қалыпқа келмейінше, қазақстандық мұнай экспорты да осы деңгейде шектеле бермек.