Үкімет • 15 Қаңтар, 2026

Әлеуметтік қызметтің сапасы маңызды

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның
төр­аға­­лығымен өңірдің әлеу­мет­тік саласын да­мы­ту мә­селелері қарал­ды. Жиын­ға әлеуметтік бағыт­тағы салалық минис­трліктердің өкіл­дері мен Қарағанды облы­сының әкімі Ерма­ғанбет Бөлек­паев қа­тысты.

Әлеуметтік қызметтің сапасы маңызды

Денсаулық сақтау саласы бойын­ша ведомство өкілдері меди­циналық қызметтің сапасы мен алғашқы медициналық көмектің рөлін арттыруға басым­дық берілетінін атап өтті. Бұған қоса жүйе тұрақты­лы­ғы тек қаржыландыру мен инфра­құ­рылымға ғана емес, аурудың алдын алу, ерте анық­тау мен ха­лық­пен ашық әрі тығыз байланыс орнатуға да тікелей байланысты екені айтылды. Осындай кешенді тәсіл денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, азаматтардың медициналық ұйымдарға деген се­німін арттыруға мүмкіндік береді.

«Денсаулық сақтау саласы өзара тығыз байланыс­та жұмыс істейтін біртұтас жүйе болуға тиіс. Алғашқы медици­налық көмек, профилактика, ауруларды ерте анықтау мен көрсетілетін қызметтің сапасы бір жүйе ретінде жұмыс істе­генде ғана нәтиже болады. Сон­дықтан өңірдегі бас­шы­лар­дың жауапкершілігі мен меди­циналық ұйымдардың жұ­мы­сына тұрақты бақылау ерекше маңызды», деді вице-премьер.

Отырыста әлеуметтік сая­сат­тағы өзекті мәселелер де көтерілді. Бұл салада халықтың сенімі нақты ережелер мен тиімді басқаруға тікелей байланысты екені айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев атаулы әлеуметтік қолдауға көшу мен өңірлік төлемдерді біріздендіру мәселелеріне тоқ­талды. Өзгерістерді енгізу барысында әрбір азаматқа жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу мен жергілікті деңгейде бар­лық үдерісті дұрыс жолға қою маңыз­ды екені сөз болды. Себебі адамдар үшін қандай өзгеріс болып жатқанын, оның себебі мен өздеріне қалай әсер ететінін нақты түсіну аса маңызды.

Білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі ұйымдар­дың қолжетімділігі, маман тапшылығы мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мәселелеріне баса назар аударылды. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметін­ше, 2–6 жас аралығындағы балалар­дың 90,9%-ы балабақшамен қамтылғанымен, әлі де 25 мың­нан астам балаға орын қажет. Аида Балаева қазіргі білім беру тек мектеп пен балабақша санына ғана емес, оқыту сапасына, білікті кадрларға және балалармен жұмыс істеудегі заманауи тәсілдерге де байланысты екенін атап өтті.

Өңірдегі кадр даярлау мен ғылымды дамыту мәселесі де назар­дан тыс қалмады. Ғылым және жоғары білім министрі Сая­сат Нұрбек еңбек нарығы­на қа­жетті мамандарға болжам жа­­сауға мүмкіндік беретін ұлт­­тық сауалнама жүргізіліп жатқанын хабарлады. Мұндай шаралар кадр саясатын нақты жос­парлауға әрі жоғары оқу орын­дары мен колледждердегі білім беру бағдарламаларын техно­логиялық өзгерістерге сай уақты­лы бейімдеуге жол ашады. Бұл ретте білім беру жүйесі мен ең­бек нарығы біртұтас механизм ретінде жұмыс істеуге тиіс.

Бұған қоса туризм мен бұқаралық спортты дамыту мә­селелері талқыланды. Өткен жылғы 9 ай қорытындысы бо­йынша өңірде 370 мың туристке қызмет көрсетілген, жалпы табыс 8 млрд теңгеге жеткен. Аталған саланы одан әрі дамытуға инфрақұрылымды жетілдіру, туристік аймақтарды әр маусымға дайындау мен демалыс орындарындағы қоғам­дық қауіпсіздікті күшейту қажет екені айтылды.

Кездесу соңында Аида Балаева ведомствоаралық өзара байланысты күшейтіп, өңір­лік деңгейде әлеуметтік қыз­меттердің сапасын арттыруды тапсырды. Басым бағыттардың қатарында денсау­лық сақтау саласында профилактика шараларын күшейту, әлеуметтік қолдау тетіктерін нақтылау, білім беру жүйесін цифрландыру, экономиканың сұранысына сай кадр даярлау, сондай-ақ мәдени орта мен бұқаралық спортты дамыту өмір сапасын арттырудың ажырамас бөлігі ретінде айқындалды.

 

Қарағанды 

Соңғы жаңалықтар