Инвестициялық қорларды құру жеңілдейді
Елімізде инвестициялық қорлар құру тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Баяндамашы Татьяна Савельеваның айтуынша, құжат 2029 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген.
«Заң жобасында инвестициялық қорлардың ұйымдық-құқықтық нысандары мен түрлерін кеңейту, оларды құру және қызметін ұйымдастыру тәртібі, біліксіз инвесторлардың мүдделерін қорғау тетіктерін енгізу, сондай-ақ шешім қабылдау функцияларын басқарушы компанияға беру мүмкіндігі көзделген», деді депутат.
Сондай-ақ қатысушылар инвестициялық қорлардың жаңа түрлерін құру және олардың қызметін ұйымдастыруда туындайтын қатынастарды реттеуге, сондай-ақ инвестициялық қорларды бақылау мен қадағалау рәсімдерін регламенттеуге бағытталған екі ілеспе заң жобасын қарады. Аталған норма қор нарығын дамытуға, инвестициялық қорлар қызметінің ашықтығын арттыруға және инвесторлардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
Отырыста депутаттардың қолдауымен бірауыздан қабылданған заң жобалары қатарында «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «2015 жылғы 15 қыркүйектегі Әскери және басқа да құралымдарды, олардың жылжымалы мүлкін, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнімді тасымалдау саласындағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» құжат бар.
Айта кетейік, отырыс барысында сайлау туралы құжат жобасына қатысты комиссияға депутаттар сайланды. Олардың қатарына Марат Башимов, Мұрат Ергешбаев, Снежанна Имашева, Үнзила Шапақ енді.
Экспорттық тауарларға бақылау күшейеді
Мәжіліс 2023 жылғы 4 желтоқсанда қол қойылған, Еуразиялық экономикалық одақтан тыс елдерге әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін анықтау мен растаудың бірыңғай қағидалары нақтыланған келісімді ратификациялады. Құжат ЕАЭО аумағынан әкетілетін тауарлардың шыққан жерін айқындау мен бақылаудың бірыңғай тәртібін бекітеді.
«Осы құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан тауарларды, оның ішінде Қазақстан аумағынан шығарылатын тауарларды әкетуге тыйым салулар мен шектеулер белгіленген заттарды шығару кезінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының қолданылуын бақылау үшін тиісті мүмкіндік береді», деді құжат төңірегінде баяндама жасаған Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.
Оның айтуына қарағанда, аталған құжатты ратификациялау ешқандай теріс әлеуметтік, экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.
Талқылау кезінде баяндамашы депутаттардың біраз сауалына нақты жауап бере алмады. Бұған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ескерту жасап, мінберге дайындалып келу керек екенін айтты.
Өз кезегінде депутат Азат Перуашев Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбекке отандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысына қатысты сын айтты. Оның айтуынша, бұл тізілім бастапқыда мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор үшін жасалған. Ал экспорт кезінде тауардың шығу тегін растауға арналмаған. Ол өңірлерге сапары кезінде 20-дан аса кәсіпорынды тексеріп, олардың тек біреуі тізілімде тіркеуден өте алғанын анықтағанын жеткізді.
«Реестр іс жүзінде жұмыс істемей тұр, дегенмен кәсіпорындардың индустриялық сертификаттары бар. Егер сіздер технологиялық операцияларды ғана бағалайтын болсаңыздар, жергілікті қамту жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қалай тексересіздер?», деп сұрады депутат.
Вице-министр Олжас Сапарбек қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі жұмыс істеп тұрғанын және ол бұрын берілген индустриялық сертификаттардың жалғасы екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда жүйеде 1 900-ден аса сертификат тіркелген, ал 3 мыңнан аса компания өндірістік қуаттары мен жұмыс орындарын электронды цифрлық қолтаңба арқылы растау үшін өтінім берген.
«Реестрдің негізгі мақсаты – үдерісті барынша бюрократиядан арылтып, отандық тауар өндірушілерді тізімге енгізу. Экспорттық мақсаттағы жергілікті қамту үлесін бағалау тәртібі өзгерген жоқ: кәсіпорындар бұрынғыдай деректерді тізілімге енгізіп, оларды растауды жалғастырып жатыр. Дегенмен бірқатар техникалық мәселе барын жасырмаймыз. Кейде қосымшалар жұмыс істемей қалады, ал арнайы құрылған қолдау чаттарына жолданған өтініштерге жауап берілмей жатады», деді вице-министр.
Азат Перуашевті қолдаған депутат Еділ Жаңбыршин реестрге кіріп, сертификат алу маңғыстаулық кәсіпкерлерге де проблема болып отырғанын құлаққағыс етті.
«Бір ай ғана уақыт бергенсіздер. Анықталғандай, жүйелеріңіз өте баяу не мүлдем жұмыс істемейді. Ал кәсіпкерлер сертификат алуы үшін бірнеше бейнематериалды жүктеуі керек. Екіншіден, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бар. Олар қазақстандық тауар шығарады, бірақ шетелде тіркелген. Ол отандық өнім өндіруші ретінде базаға кіре алмайды. Бұл қарастырылмаған. Мұны қалай шешесіздер?», деді депутат.
Олжас Сапарбек сайттың техникалық ахуалы әлі де реттелетінін, ал газ өндіруші компаниясының мәселесін Энергетика министрлігімен бірлесе қарастыратынын атап өтті. Талқылаулар аяқталғаннан кейін сөз алған депутат Жигули Дайрабаев аталған құжатқа қатысты баяндама жасаған Айдар Әбілдабековке бір маңызды жайттың толық ашылмай қалғанын ескертті. Оның айтуынша, бұл келісімді ратификациялау мемлекетке нақты қандай пайда әкелетіні халыққа түсінікті әрі ашық түрде жеткізуге тиіс еді. Сондай-ақ депутат жалпы отырысқа қатысқан министрлік өкілдеріне салғырттық танытпай, ел экономикасының өркендеуі жолында бар күш-жігерін салып, бірлесе адал жұмыс істеуге шақырды.
Одан кейін депутаттар Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізетін хаттаманы ратификациялады. Осыдан екі жыл бұрын 8 мамырда Мәскеуде қол қойылған Хаттама ЕАЭО құқығы мен одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамасы арасындағы қайшылықтарды жоюға, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін беделдік сын-қатерлердің ықтималдығын азайтуға бағытталған.
Құжат келісімнің тұжырымдамаларын нақтылайды. Атап айтқанда, бүкіл мәтіндегі «қауіпті өнім туралы» деген сөз «Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін өнім туралы» деген сөзбен алмастырылады.
Тыңшылық құрылғылар қатаң реттелуі керек
Күн тәртібіндегі мәселелер ретімен қаралған соң, қаңтардың 5-і мен 13-і аралығында өңірлерді аралаған халық қалаулылары ауыл-аймақтардағы ағайынның базынасын жеткізіп, арнайы депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, депутат Темір Қырықбаев сәбіз экспортына шектеу енгізуге қатысты мәселе көтерді.
«Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға жаңа шектеу енгізу туралы ұсыныс фермерлер мен кәсіпкерлер арасында наразылық тудырды. Бизнес өкілдері Үкіметтің бұл шешім арқылы қандай нақты мақсат көздеп отырғанын түсінбей отыр. Экспортты шектеу бағаны төмендетпейді, керісінше негізгі салмақ өндірушілерге түседі, ал делдалдар мен логистика тізбегіндегі қатысушылар зардап шекпейді. Сарапшылар да бағаны тек әкімшілік шектеулер арқылы тұрақтандыруды тиімсіз деп санайды», дей келе депутат егер мемлекет ішкі нарыққа қажетті өнім көлемін нақты айқындаса, фермерлер оны қамтамасыз етуге дайын екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ ол елімізде сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ екенін айтып, нақты мысал да келтірді.
«Павлодар облысында ғана 120 мың тоннадан аса сәбіз қоры бар, бірақ сұраныстың төмендігінен оны өткізу – қиын. Экспортқа шектеу қолда бар өнімді сату мүмкіндігін одан әрі азайтып, фермерлердің шетелдік нарықтағы орнын әлсіретуі мүмкін. Осыған байланысты Үкіметтен экспортқа шектеу енгізудің негіздемесін түсіндіруді, бағаны тұрақтандырудың балама жүйелі тетіктері қарастырылған-қарастырылмағанын және ішкі нарықты қамтамасыз ете отырып, артық өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін нақты модель әзірлеуді сұрады. Елге бір реттік шектеулер емес, тұрақты әрі болжамды ережелер қажет», деп түйіндеді сөзін Т.Қырықбаев.
Ал депутат Мутәлі Әбутәліп Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке депутаттық сауал жолдап, жасырын бақылау құрылғыларының заңсыз айналымы ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін айтты. Оның айтуынша, бүгінде елімізде GPS трекерлер, GSM маяктар, мини-камералар мен дауыс жазғыштар лицензиясыз әрі сертификатсыз ашық сатылып, азаматтарды заңсыз бақылауға жол ашып отыр. Бұл жеке өмірге қол сұғу, деректерді заңсыз жинау, бопсалау және тыңшылық тәуекелдерін күшейтеді.
«Қылмыстық кодекстің 399-бабы мұндай құрылғыны өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салғанымен, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр. Сонымен қатар жаңа буындағы автомобильдер, соның ішінде аса үлкен сұранысқа ие Қытай автомобильдері, шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Бұл еліміздің азаматтарына қатысты деректердің, соның ішінде қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық ақпараттың, шетелдік юрисдикцияларда өңделуіне әкеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар азаматтарымыздың барлық қозғалысы мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оған міндетті сертификаттау мен лицензиялау талабы қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылған», деді депутат.
Осыған байланысты ол Үкіметтен жасырын бақылау құрылғыларын қатаң лицензиялау мен сертификаттауды енгізуді, олардың айналымын бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен бақылауды, сондай-ақ елімізде сатылатын автокөліктердің деректері ел аумағында өңделуін қамтамасыз ететін кешенді құқықтық тетік әзірлеуді талап етті.