Ведомствоның нақтылауынша, 14 қаңтар күні кешке полицияға Петропавл қаласындағы 314-атқыштар дивизиясы көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын 75 жастағы әйелдің жоғалып кеткені туралы арыз түскен.
Анықталғандай, сол күні шамамен сағат 13:00-де зейнеткер әйел өздігінен үйінен шығып, ауруханаға бет алған, алайда қайта оралмаған. Ұялы телефоны сөндірулі күйде болған.
«Іздеу жұмыстарына қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, СОБР жауынгерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды. Іздеуге 60-тан астам адам қатысты. Ауа температурасының төмен болуы жұмыстарды едәуір қиындатты. Жоғалудың ықтимал нұсқалары қарастырылып, мүмкін болатын орындар тексерілді, көше бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді. Алайда қараңғы уақытта жоғалған адамның жүрген жерін анықтау мүмкін болмады», деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
15 қаңтар күні таңертең қарт әйелді учаскелік инспектор аурухана маңындағы шаруашылық ғимараттың жанында, адам сирек жүретін аумақтағы қоршау маңынан тапқан.
Әйел ауыр жағдайда болған, қатты тоңудың салдарынан байланысқа шыға алмаған. Ол дереу жедел жәрдем бригадасына тапсырылғанымен, өкінішке қарай, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Аталған дерек бойынша полиция зейнеткер әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады.
Бүгін еліміздің 12 өңірінде ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды.