Соңғы кездері айшықты өнерімен жанкүйерлерді қуантып жүрген ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик (АТР №10) Дженсон Бруксбимен шеберлік байқасады. 25 жастағы АҚШ-тың өкілі пәлендей табыстарға қол жеткізе алған емес. Ең үздік көрсеткіші – осыдан бес жыл бұрын «US Open» додасына дейін жетіп, АТР турнирінде бір мәрте топ жаруы. Ал Александрдың қазіргі қарқыны керемет. Былтыр отандасымыз АТР-дің төрт бірдей турнирінде жеңімпаз атанса, жыл басында Гонконгта өткен жарыста да алдына жан салмады. Бұл жағдай Бубликтің Мельбурнде үздіктер санатына қосылуға зор мүмкіндігі бар екенін аңғартады. Еліміздің тағы бір танымал теннисшісі Александр Шевченконың қарсыласы іріктеу сыны аяқталғаннан кейін анықталады.
Әйелдер арасындағы ел үздігі Елена Рыбакина (WTA №5) Кая Юванмен (WTA №97) кездеседі. 25 жастағы словениялық сұлудың ауыз толтырып айтарлықтай табысы жоқ. Сол себепті талай дүрмектерде дара шыққан әккі Еленаға бұл қарсыласын қапы қалдырып, келесі кезеңге өту еш қиындық туғыза қоймас деп ойлаймыз. Юлия Путинцева (WTA №105) Беатрис Аддад Майямен (№ 59 WTA) күш сынасады. Биыл жазда 30 жасқа толғалы отырған Бразилияның ойыншысы жұптық бәсекеде өте мықты. 2022 жылы Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін жетті. Жекелеген сында WTA-ның төрт турнирінде топ жарып, Ролан Гарростың жартылай финалында ойнады.
Wild-card арқылы Мельбурндегі бәсекеде бақ сынау мүмкіндігіне ие болған Зарина Диас (WTA № 285) Паула Бадосаға (WTA № 25) қарсы шығады. Дәл қазір Испания спортшысының біздің қызға қарағанда қарқыны едәуір күшті екені даусыз. 28 жастағы Пиреней түбегінің тумасы былтыр дәл осы турнирде үздік төртікке енді. Оның алдында Ролан Гаррос пен АҚШ-тың ашық біріншілігінің ширек финалына шығып, әлемнің екінші ракеткасы атанды.