Тағзым • Бүгін, 09:00

Тұңғыш мүфтиіміз бақиға озды...

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы мүф­тиі Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміз қайтыс болды деген қаралы хабар жаныма қатты батты. Жуырда ғана ұстаздың үйінде болып, халін біліп, сұхбаттасқан едік. Ақсақалдың дәм-тұзы таусылған екен. Алла алдынан жарылқасын! Иманы өзіне серік болсын!

Тұңғыш мүфтиіміз бақиға озды...

Қазақстан мұ­сыл­­мандары діни басқармасының атынан марқұмның ­от­ба­сына, туған-туыстарына, елі­міз­дегі барша мұсылман қауы­мына көңіл айтамын. Марқұм­ға мәң­гілік мекен жәннаттан бұйырсын!

Тұңғыш мүфтиіміз исламдық білім алу саласында да елеулі жетістікке жетті. Бұхарадағы «Мир – Араб» медресесі мен Ливия университетінен діни шариғат мамандығын игеріп шықты.

Рәтбек хазіретіміз мүфти бол­­ған жылдары мұсылман мем­­­ле­кет­терімен тығыз қарым-қа­тынас орнатып, ынтымақ­тас­тықты арттыра түсті. Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­масының іргетасын қалаған Рәтбек Нысанбайұлы 70-ке жуық мешіт салдыруға ықпал етті. Ха­лық­тың діни сауат ашуы­на ден қойды. Өйткені осы кезеңде халық­тың діни сауатын ашу маңыз­ды істің бірі болды. Ұста­зымыз бойында бар күш-қайра­тын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Өзінен кейінгі шәкірттеріне әрқашан ағалық кеңесін айтып, жанашырлық танытты. Бүгінде шәкірттері діни салада жауапты қызметтер атқарып жүр.

Ол өлшеулі ғұмырында халқы­мыздың рухани дамуына, қоғам­­да имандылықтың, ізгіліктің, бір­­лік пен татулықтың нығаюына сүбелі үлес қосып, еліміздегі барша дін қызметкерлеріне өшпес өнеге көрсетіп кетті. Рәтбек қажының атқарған игі істері, ұстаздық һәм ағартушылық қызметі қазіргі буын­ға, барша имамдарға әрқа­шан рухани бағдаршам болары хақ.

1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (САДУМ) құрылады. Рәтбек ұстазымыз 80-жылдары Зияутдин Бабаханның (Ишан Бабаханның ұлы, екінші мүфти) орнына бір жарым ай Ташкентте атқарушы мүфти болады. Сол кезде оны болашақ мүфтилікке даярлап жатқан кезі еді. Зияутдин Бабаханның ден­саулығының нашарлауына байланысты жаңа мүфтиді тағайындау мәселесі көтерілді. Осы кезде Зияутдин: «Орныма екі адам лайық: бірі – Қазақстанның қазиі Рәтбек Нысанбаев, екінші­сі – балам Шамсиддин Бабахан», депті. Алайда Рәтбек хазірет бұл қызметтен бас тартады. Себебі оның негізгі ойы САДУМ-нан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын бөліп әкету болатын. Ташкентте қалса, ол ойы жүзеге аспайтын еді. Сондықтан Ташкенттегі мүфтиліктен бас тартып, Қазақстан мүфтиятын құрудың жолдарын қарастырды. Сол кезде елімізге дербес Діни басқарма қажет еді.

1979–1990 жылдары Қазақ­стан қазиі қызметін Рәтбек қажы Нысанбайұлы атқар­ды. Кеңес одағы күйрей бас­та­ған тұста ұлттық, діни мәсе­лелер шиеленісіп кетті. 1989 жылы Орта Азия және Қазақ­стан мұсылмандары діни басқар­ма­сының (САДУМ) мүфтиі Шам­сид­дин Бабахан қызметі­нен кетті. Оның орнына Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф мүфти болды. Осы кезде Қазақстан Діни басқарма құрамынан бөлініп шықты. Оның бірнеше себебі болды. Діни басқарма Ташкент­те орналасты және кеңестік саясат­қа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алмады.

1990 жылы 12 қаңтарда Алматыда Қазақстан мұсыл­ман­­­дарының І құрылтайы өтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы Ташкенттегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, дербес Діни басқарма болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы, Бас мүфти болып Рәтбек қажы Нысанбайұлы сайланды. Ол кезде елімізде бар-жоғы 25 мешіт болатын. Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен, Талдықорған секілді алты облыста мүлде мешіт жоқ еді. Дін әбден тұралап қалған кез болатын. Мешіттердің де мешіт деген аты ғана болмаса, мешіт­ке лайық шарт-жағдайы да жоқ еді. Қазақстанның қазиятына осындай тоқырау кезеңде келген Рәтбек қажы қолдан келгенше мешіт салдыруға ықпал етті. Шәкірттерді Мысырға жіберіп, оларды діни қызметке тағайындады.

Рәтбек қажы Нысанбай­ұлы­ның ғылыми-шығармашы­лық еңбегін де атап өту ләзім. Ол 1991 жылы «Құран-Кәрім­нің» мағыналары мен түсіндір­ме­лерінің аудармасын жариялады. 20-дан астам діни-танымдық кітап, жинақ әзірледі.

Марқұм ұстазымыз Қазақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының Астанадағы бас кеңсе­сіне келгенде: «Қандай ғажап ғима­рат! Мұндай кеңседе отырып елге, дінге қызмет ету – үлкен бақыт. Қазір елге аянбай қызмет ететін кездерің. Алла Тағала қасиет­ті са­ладағы қыз­мет­теріңе береке нәсіп етсін!» ­деп батасын берген еді. Алла Тағала Рәтбек хазіре­тіміздің отба­сына көркем сабыр бергей! Жат­қан жері жайлы, топырағы торқа болғай! Діни салада жаса­ған са­уап­ты амалдарының игілі­гін көргей!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти 

Соңғы жаңалықтар