Қазақстан • 19 Қаңтар, 2026

Берлинде павильон ашылды: Немістер Қазақстан өнімдеріне қызығушылық танытты

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Берлинде өткен халықаралық Grüne Woche көрмесінің жүз жылдық мерейтойы мен Global Forum for Food and Agriculture халықаралық конференциясы аясында Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Берлинде павильон ашылды: Немістер Қазақстан өнімдеріне қызығушылық танытты

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Павильон іскерлік диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, экспорттық әлеуетті таныстыруға және өнеркәсіптік кооперацияның келешегін талқылауға мүмкіндік берді. Экспозицияда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен терең өңдеу, заманауи агротехнологияларды енгізу және орнықты агрожүйелерді дамыту бағытындағы мүмкіндіктері кеңінен көрсетілді. Павильон неміс және халықаралық серіктестер тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, Қазақстан өнімдері мен бірлескен жобаларға деген сұраныстың артып келе жатқанын дәлелдеді.

берлин

Халықаралық конференцияда Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация «Жасыл апта» аясындағы аграрлық саясат, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерін тоғыстырған негізгі іс-шараларға қатысты.

GFFA аясында Арман Шаққалиев бірқатар халықаралық әріптеспен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Германияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік жөніндегі федералдық министрі Алоис Райнермен, Германияның Экономика және энергетика федералдық министрлігінің статс-хатшысы Томас Штефенмен, Неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармспен, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Жан-Мари Паугаммен келіссөздер жүргізілді. Тараптар сауданы кеңейту, кедергілерді азайту, азық-түлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы және өзара нарықтардағы қатысуды күшейту мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Германия туризм саласындағы серіктестікті кеңейтеді

Қазақстан тарапы Неміс агробизнес альянсы ұйымдастырған салалық пікірталастарға да белсенді қатысты. Оның ішінде орнықты су пайдалану мен инновациялық агротехнологияларға арналған панельдік сессия және «Kazakhstan – Germany Agro & Water Nexus» дөңгелек үстелі өтті. Бұл алаңдар тараптарға нақты кооперация үлгілерін, бірлескен пилоттық жобаларды және технология трансферін талқылауға мүмкіндік берді.

берлин

Іс-шаралар барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқаны атап өтілді.

2025 жылдың қаңтар – қараша айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,91 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Германияға экспорты 7,9 пайызға өсіп, 1,17 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл неміс нарығының Қазақстан жеткізушілері мен жоғары қосылған құны бар өнімдерге деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді.

Биомедицина саласындағы халықаралық конференция өтті

Сапардың маңызды практикалық нәтижелерінің бірі – Арман Шаққалиев пен Неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс арасында наурыз айында бизнес пен салалық ведомстволардың қатысуымен бейнеконференция өткізу жөніндегі уағдаластық болды. БКС аясында агроөнеркәсіптік кешен мен экспортқа бағдарланған салалардағы нақты кооперациялық жобалар егжей-тегжейлі талқыланады. Сонымен қатар тараптар сәуір айында Германия делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жоспарын растады. Бұл сапар барысында бірлескен инвестициялық және өндірістік бастамаларды іске қосуға басымдық беріледі.

Соңғы жаңалықтар