Сурет: kaz.inform.kz
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Telegram арнасындағы жазбасында Ұлттық құрылтай осы уақыт ішінде ел қоғамын ортақ мақсатқа жұмылдыруға арналған бірегей идеялар мен стратегиялық қадамдар ұсынатын ең басты институтқа айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, құрылтай мүшелері осы құрылымның бұған дейінгі төрт отырысы мен жұмыс кездесулерінде көптеген бастама көтеріп, оның басым бөлігі орындалды.
Түркістандағы екінші отырыстың нәтижелері анағұрлым ауқымдырақ болды. Ұлттық құрылтай еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тікелей септігін тигізетін 11 заңның қабылдануына жол ашты. Әсіресе «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы», «Ономастика жұмысын жүйелеу туралы», «Вейптерге, шегуге келмейтін темекі өнімдеріне тыйым салу туралы түзетулер»; «Құмар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері туралы», «Мемлекеттік наградаларға ұқсас қоғамдық наградаларды дайындауға және марапаттауға тыйым салу туралы» заңдар көптің ойында жүрген көкейкесті мәселелерге нүктесін қойды.
Бұл ретте айрандай ұйып отырған талай отбасыға тажалдай тиген құмар ойындардың нағыз ұлттық қасіретке айналып бара жатқаны белгілі. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 400 мыңға тарта азаматтың букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті болғанын, бұл тұтас бір қала халқының санына тең цифр екенін айтты.
«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді», деген Президент сөзін ресми рейтинг мәліметтері де растайды.
Лудоманияның кесірінен қоғамға тауқымет тартқызған тағы бір кесел – суицидтің де статистикасы өсе бастаған-ды. Еліміз осы бір дерттің жаһандық тізімінің көш басындағыларды өкшелеп келеді. Әлемдік рейтинг жарияланатын StatRanker.org сайтының биылғы 11 қаңтардағы мәліметіне сүйенсек, еліміз бұл тізімде 19-орында тұр.
Осылайша, Әділетті Қазақстан қағидаттары мен құндылықтарын орнықтыруға бағытталған Президент бастамаларын нақты жүзеге асырудың «Заң және тәртіп» қағидасы аясында Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып, осы бағыттағы заңнаманың күшейтілуінің арқасында көптеген шектеу шаралары енгізілді. Құмар ойындарға құныққандардың қатары сиреді. Әсіресе әскерилерді осы жаққа тартып тұратын барлық жол жабылды. Бұл үлкен стратегиялық шешім болды.