Мәдениет • Кеше

Фонограмманы заң шектей ала ма?

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау салаларына өзгерістер енгізетін заңға қол қойғаны есімізде. Құжаттағы маңызды түзетулердің бірі концерттерде фонограмма қолдануға тыйым салуға арналды. Көпшілік көкейінде көптен жүрген тақырыптың түйінін тарқатқан бұл өзгеріс шынайы өнердің деңгейін өсіруге, кәсібилікті көтеруге бағытталып отыр.

Фонограмманы заң шектей ала ма?

Мәжіліс депутаттарының бас­тамасымен көтерілген бұл норма тек дауыс (вокал) фонограммаларын пайдалануға тыйым екенін айта кетейік.

«Мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде 200-ден астам көрермен алдында орындаушының алдын ала жазылған дауысымен (вокалмен) өнер көрсетуіне жол берілмейді. Дауыс (вокал) фонограммасын пайдалану тек арнайы бейімделмеген және арналмаған орындарда (ипподромдарда, демалыс аймақтарында, саябақтарда, скверлерде, алаңдарда, көшелерде) рұқсат етіледі. Яғни ашық алаңдарда өткізуге болады. Бұл аталған орындардың жанды дауыста өнер көрсетуге техникалық тұрғыдан бейімделмеуімен және ауа райы жағдайларына тәуелділігімен байланыс­ты», делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми ақпаратында.

Ал сапалы теледидарлық контентін да­йын­дау, телебағдарламалар мен жобаларды түсіру барысында, атап айтсақ, концерттің толық жазбасын, яғни дыбыс­тың сапалы жазылуын көздейтін теле­визиялық жазбалар барысында қолдануға рұқсат беріледі.

«Мәжіліс депутаттары музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыс фонограммаларын пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді көздейтін түзетулерді әзірледі. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Бұл айыппұл негізінен, эстрада әртістеріне, коммерциялық жобаларға, жергілікті және шетелдік жұлдыздарға қатысты. Себебі, олардың концерттерден алатын қаламақылары айтарлықтай жоғары. Сондықтан заң бұзушылық орын алуы орындаушылар үшін шынымен тиімсіз болу үшін айыппұл мөлшері де олардың табысына сай белгіленген», дейді министрлік.

Аталған ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, фонограмма пайдаланғаны үшін жауапкершілік әртістердің жеке басына емес, Ivent-ұйымдар, жеке кәсіпкер (әртістің өнер көрсетуін ұйымдастырушы), вокалис­тер мен шығармашылық ұжымдарға жүктелетін болады.

«Жаңа норманы қабылдау мәдени іс-шаралар мен концерттердің сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар вокалистер мен шығармашылық ұжымдардың орындаушылық шеберлігін жетілдіруге ықпал етіп, отандық эстраданың дамуына және көрерменмен әділ әрі ашық өзара іс-қимыл мәдениетін қалыптастыруға, концерттік іс-шараларды жоғары деңгей­де өткізуге мүмкіндік береді», дейді министрлік өкілі.

Енді өнер ұжымдары да жаңа өзгерістің аясында жұмыс істеуге тиіс. Десе де кон­церттік ұйымдардың сахнасы жанды дауысқа дайын ба деген сауал бізді де толғандырады. Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Әбдуалиев заңмен бекітілген шектеудің кәсіби өнерге тигізер ықпалы көп болатынын алға тартып отыр.

«Жалпы, аталған заңның қабылдануын дұрыс деп санаймын. Бұл – кәсіби өнер иелеріне қойылған орынды талап. Қазіргі таңда «Қазақконцерт» сахнасында осы талапқа сай жұмыс жүргізіліп келеді. Концерт алдында әр әртіс өз дауысы немесе аспаптық шеберлігін көрерменге тікелей көрсетуі үшін мұқият дайындалады. Осы заңның нәтижесінде орындаушылық өнердің сапасы артып, кәсіби деңгейдің жоғарылайтынына сенімдімін. Себебі, көрермен де жанды дауыстағы шынайы өнерді тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Шынайы өнер иелері төрге озады, ал фонограмманың арқасында атақ-абырой алғандар көлеңкеде қалады», дейді Ақан Әбдуалиев.

Иә, жасандылық, көзбояушылық шын өнерге тән емес. Фонограммаға заңмен тыйы­м салынуы – ең алдымен, жанды дауыс­тағы өнерді, орындаушылық мәде­ниет­ті қорғауға бағытталған маңызды шешім.

Халық әртісі Рамазан Стамғазиев те фонограммаға қатысты өз ойын айтты. Оның сөзінше, өнер адам­дарының кәсіби деңгейі өспесе, қоғамның мәдени сапасына да қауіп төнбек.

«Фонограммаға қатысты заңның кей тұстары түсініксіз. Қазір сахнада жүрген әртістердің бәрі (үлкендерді қоспағанда) той-томалаққа баратыны рас. Олар тойда фонограммамен айтса болады. Үлкен стадиондарда да айта береді. Тек 200 адамнан көп жиналған концерттік ұйымдарда жанды дауыспен айтуы керек. Яғни бұл заң әзірше әншілерді ғана қамтып отыр. Ал домбырашылар, аспапшылар мен қобызшыларға қандай шектеу болады? Әншілердің кәсіби түрде өсуіне мұндай заң керек-ақ, қолдау керек. Біз қазір жасандылыққа, көзбояушылыққа әбден үйрендік. Өнерде жүргендердің кәсіби деңгейлері өсіп жатқан жоқ. Ал деңгей өспесе, біз даңғаза мәдениеттің етегінде қалып қоямыз», дейді Рамазан Стамғазиев.

Сондай-ақ ол аталған заңның әлі толықтыратын тұстары бар екенін алға тартты.

«Енді бір жағынан, жанды дауыс­ты талап еткенмен, әншілердің де уәжі бар. Еліміздегі барлық концерттік зал­дар жанды дауыста кеш өткізуге толық жабдықталмаған. Халықаралық стан­дарттарға сай келмеуі мүмкін. Бұл жағына кім жауап береді?» дейді әнші.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония директоры Мәди Тайпин өнер ошағындағы барлық концерт тек жанды дауыста өтеді дейді.

«Филармония – табиғатынан кәсіби музыканттар қызмет ететін кәсіби музыканың ордасы. Сондықтан бұл талап бізге жаңа міндет емес, керісінше бұрыннан қалыптасқан кәсіби қағидаларымызды заңдастыру деп түсінген жөн. Филармония сахнасында барлық концерттерге тек жанды дауыста орындаушылар шығады. Бізде дыбыс режиссурасы тек акустиканы есепке ала отырып, орындаушының табиғи даусын айқындау мақсатында қолданылады. Бұл талаптың орындалуын көркемдік кеңес, техникалық қызмет және әкімшілік жүйелі түрде бақылап, қадағалап отырады», дейді Мәди Тайпин.

Сондай-ақ ол заңды тыйым орындау­шыға қойылған шектеу емес, керісінше өнер сапасына қойылған талап екенін атап өтті.

«Енді осы заңнан соң бірнеше оң өзгеріс болады деп ойлаймын. Біріншіден, тыңдарман мен сахна арасындағы сенім артады, көрермен жанды дауысты естіп, шынайы эмоцияға кенеледі. Екіншіден, орындаушылар кәсіби тұрғыда өсе түседі, вокалдық және аспаптық даярлыққа көбірек көңіл бөледі. Үшіншіден, кәсіби музыканың беделі күшейіп, ұлт аспаптар оркестрлеріне, симфониялық және камералық өнерге елдің қызығушылығы артады», дейді филармония басшысы.

Жанды дауыста ән шырқау кәсіби шеберлікті, дайындықты, жауапкершілікті қажет етеді. Заңмен тыйылған бұл өзге­рістің бір мақсаты ақ пен қараны айырып, ұлттық мәдениеттің деңгейін көтеруді көздеп отыр. 

Соңғы жаңалықтар