Ұжым ұсынған мәліметтерге сүйенсек, алдағы маусымда театр репертуары классикалық мұра мен қазіргі хореография арасындағы шығармашылық диалогқа негізделеді. Бұл бағыттағы назар аударарлық премьералардың бірі – Морис Равельдің музыкасына қойылған заманауи бір актілі «Bolero X» балеті. ХХ ғасырдың музыкалық жауһары саналатын Boléro оркестрлік вариациялары негізінде жасалған қойылым бидің табиғатын, оның уақыт пен кеңістіктегі эволюциясын философиялық тұрғыда зерделейді. Ырғақ пен пластика, музыка мен қимыл біртұтас көркем әлемге айналып, көрерменді заманауи хореографияның жаңа қырларымен таныстырады.
Сонымен қатар 2026 жылғы репертуарда театрдың бас балетмейстері Мұкарам Авахридің қойылымындағы «Қыз Жібек» балеті айрықша орын алады. Қазақтың мәңгілік махаббат дастанын арқау еткен спектакль дәстүрлі бейнелерді заманауи сахналық шешімдермен үйлестіре отырып, ұлттық классиканың мазмұнын терең ашады. Бұл қойылым арқылы театр мәдени мұраға деген құрметті, оны бүгінгі көрерменге жаңаша ұсыну мүмкіндігін айқын көрсетеді.
Маусымның ең ірі оқиғаларының бірі – әлемдік балет өнерінің інжу-маржаны саналатын «Баядерка» балетінің ауқымды премьерасы болмақ. Айтулы туындыны сахналау арқылы «Астана Балет» театры академиялық дәстүрге адалдығын дәлелдеп, отандық көрерменге әлемдік балет репертуарының үздік үлгілерін жоғары кәсіби деңгейде ұсынуға дайын екенін айқындайды.
Шығармашылық ұжым, сондай-ақ осы жылы театрдың репертуары классикалық балеттермен қатар заманауи хореографиялық жобаларға, ұлттық бағдарламалар мен концерттік қойылымдарға да толы болады деп уәде етіп отыр. Симфониялық оркестр қатысатын спектакльдер мен концерттер, хор, үздік солистер, шақырылған дирижерлер өнер көрсететін жобалар театрдың музыкалық бағытын тереңдете түседі. Оркестр жеке көркем ұжым ретінде дамып, концерттік қызметін де жүйелі түрде жалғастырады.
Бұған қоса биыл «Астана Балет» театры гастрольдік сапарларға шығып, еліміздің түкпір-түкпірін аралауды әрі шетелдік сахналарда өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл сапарлар әртістер үшін жаңа мәдени тәжірибе жинақтап қана қоймай, театрдың халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар білім беру және әлеуметтік жобаларға ерекше мән беріліп, Қазақ ұлттық хореография академиясымен ынтымақтастықты кеңейту, жас хореографтар мен әртістерді қолдау, халықаралық шығармашылық бастамаларды іске асыру басты назарда болады.
Осылайша, 2026 жыл «Астана Балет» театры үшін көркем ізденіс пен шығармашылық серпіліс кезеңіне айналмақ. Жаңа премьералар, ұлттық және әлемдік классиканың үйлесімі, гастрольдік сапарлар мен білім беру жобалары театрдың мәдени кеңістіктегі маңызын арттырып, көрерменге балет өнерінің терең де сан қырлы әлемін әйгілейді.