Қайрат Тұрсынқанұлы еңбек жолын Абай облысының Аякөз қаласында қарапайым бапкерліктен бастады. Сол жақта жүріп, дарынды жастарға жұдырықтасу өнерінің қыр-сырын үйретті. Кейіннен облыстың аға жаттықтырушысы болды. Сол кезде Семей өңірінен көптеген жақсы боксшылар шықты. Оның еңбекқорлығы мен жұмыс істеу стилі ҚФБ басшыларының көңілінен шықса керек, көп ұзамай Қ.Сәтжанов еліміздің жасөспірімдер, одан кейін жастар құрамасын баптады. Бұл ретте де несібесіз болған жоқ. Қайраттың командасы әлем, Азия біріншіліктерінде үнемі алдыңғы лектен көрінді.
2021 жылы Токио Олимпиадасында еліміздің құрамасы сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін республикамыздың бас командасының тізгінін Сәтжанов ұстады. Сол кезде жерлестеріміз Белградта өткен әлем чемпионатында 5 алтын, 1 күміс, 3 қола алып, жалпы командалық есепте екінші орынды еншіледі. Келесі жылы Аммандағы Азия біріншілігінде 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медальді иеленіп, тағы да екінші сатыға тұрақтады. Бірақ Қайратқа боксшыларды Париж Олимпиадасына апару бақыты бұйырмады. «Денсаулығы сыр берді» деген желеумен орнынан алып тастады.
2024 жылы Францияның бас шаһарында жуан жұдырықты жігіттеріміз ел сенімін ақтай алмады. Нұрбек Оралбайдан басқа боксшыларымыз тегіс ұтылды. Дәл сол кезде қазақ боксын тығырықтан шығару мақсатында Қайрат Тұрсынқанұлын қайта қызметке шақырды. Таңдаған кәсібіне жан-тәнімен берілген маман өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқарды. Нәтижесінде, еліміздің құрамасы әлем, құрлық чемпионаттарында зор табысқа қол жеткізіп, қайта жер-жаһандағы ең мықты командалардың қатарына қосылды. Қ.Сәтжанов бас бапкер болған жылдары елімізден 7 әлем, 43 Азия чемпионы шықты.
Спорт саласының тізгінін ұстап отырған басшылардың кейбір тірліктерін түсінбей қалатынымыз бар. Жанын салып жемісті еңбек етіп жүрген мамандарды кез келген уақытта еш себеп-салдарсыз орындарынан алып тастайды. ҚФБ таратқан мәліметке жүгінсек, Қ.Сәтжановтың денсаулығы күрт нашарлаған. Спорт тақырыбына қалам тартып жүрген БАҚ өкілдерін айтпағанда, қарапайым жанкүйерлер де олардың бұл уәжіне сенбеді. Газет-журналдар, әлеуметтік желі арқылы ҚФБ басшыларына өкпе-реніштерін білдірді. Оның ақыры дау-дамайға ұласа жаздады. Әйтеуір, бәрі оң шешіліп, күні кеше Қ.Сәтжановтың жаңа қызметтің тізгінін ұстағаны белгілі болды. Қайрат Тұрсынқанұлы бокс федерациясының вице-президенттігіне тағайындалды. Сонымен қоса сол ұйымның басшысы Шахмұрат Мұтәліп бастаған азаматтар майталман маманға үш бөлмелі пәтер мен Тойота Ленд Крузер көлігін сыйға тартты.