Сурет: ru.kipd.kz
ЮНЕСКО-ның аталған жобасы жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесіне жан-жақты талдау жүргізуге бағытталған. Бағалау еліміздегі ЖИ дамуының негізгі өлшемдерін, оның ішінде құқықтық және нормативтік-құқықтық базаны, сондай-ақ әлеуметтік және гуманитарлық, экономикалық, ғылыми-білім және технологиялық аспектілерді қамтиды.
Жоба шеңберінде жасанды интеллект саласында теңгерімді әрі инклюзивті саясат қалыптастырудың шешуші шарты ретінде тиімді сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге ерекше басымдық беріліп отыр.
Бүгінде ЮНЕСКО-ның ұлттық дайындықты бағалау әдіснамасын (Readiness Assessment Methodology, RAM) іске асыру бойынша мүдделі тараптардың Ұлттық жұмыс тобы (National Stakeholder Team) құрылды. Оның құрамына еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, Ұлттық ғылым академиясы, «Атамекен» ҰКП, Astana IT University, Ozim Academy, Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамыту қауымдастығы, «Technowomen» ҮЕҰ, ЮНЕСКО-ның Өңірлік бюросы, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, сондай-ақ жобаны іске асыруға тікелей тартылатын азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері кірді.
Зерттеу қорытындылары бойынша елімізде адамға бағдарланған жасанды интеллект экожүйесін қалыптастыруға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленеді.
ЮНЕСКО-ның осы жобасын іске асыру халықаралық ынтымақтастыққа және адамның әмбебап құндылықтарын, құқықтары мен бостандықтарын сақтауға негізделген мемлекетіміздің жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын жүзеге асырудағы маңызды қадам саналады.