Акцияның ашылу рәсіміне Қостанай ауданының прокуроры Қайрат Әбдіров, аудан әкімі Олжас Нұрғалиев, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қонысбай Садырбеков, аудан көлеміндегі кәсіпорындар мен шаруашылық өкілдері, қоғамдық, мемлекеттік мекемелердің мамандары, заң орындарының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лайықты бос жұмыс орындары, жалпы және кәсіби білім беру бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ зағип жандардың құқықтары, мемлекеттік қолдау шаралары және уәкілетті мемлекеттік органдардың байланыс деректері туралы брошюра, жадынамалар таратылды.

Аталған акция аясында прокуратура қызметкерлері мен аудандық жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің мамандарынан құралған мобильді топ жүріп-тұруы қиын 5 тұрғынның үйіне барып, жай-күйімен танысып, әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Жәрмеңкеге 70-тен аса мүмкіндігі шектеулі адам келді. Біразы денсаулығына, әлеуметтік жәрдемақыға, баспана мәселесіне қатысты құқықтық кеңес алса, он шақты адам механик, тігінші, күзетші болып жұмысқа орналасатын болып келісті.