«Шешім әлемдік деңгейде қабылданады, мұнда бір адамның немесе бір федерацияның жеке шешімі болуы мүмкін емес. Жәнібек Әлімханұлы WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Бұл оның екі беделді халықаралық ұйымның спортшысы екенін білдіреді.
Бұл ұйымдарда: заңдық комиссиялар, медициналық сараптама жүйелері, спортшылардың құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері бар. Сондықтан шешім барлық дәлелдер мен құжаттар қаралғаннан кейін, тек ережелер мен заңдар аясында қабылданады. Кәсіби бокста дәл осылай болуы керек, эмоцияға емес, фактілер мен регламентке сүйену қажет», деп жазды маман өзінің Instagram парақшасында.
Желтоқсан айының басында Әлімханұлының допинг сынамасынан тыйым салынған зат – мельдоний анықталған болатын. Соның салдарынан оның кубалық боксшы Эрисланди Лараға қарсы үш әлем чемпионы титулы үшін өтуі тиіс біріккен жекпе-жегі өтпей қалды.
8 қаңтарда боксшы командасының талабы бойынша B сынамасы ашылып, оның нәтижесі де дәл осындай болғаны белгілі болды. Аталған іс бойынша тыңдау енді 23 қаңтарда өтеді.