Ұзындығы 18,5 шақырым болатын К-34 каналында төменгі бөліктегі 7,5 шақырым учаскені тазалау жоспарланған. Вегетация кезеңінде бұл бөлікте суды жеткізуде қиындықтар туындайтын. Енді оны тазалау жұмыстары толық көлемде аяқталды. Ал ұзындығы 28,2 шақырым болатын К-25 каналы Жетісай ауданындағы үш ауылдық округтің 13 мың гектар жерін суармалы сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда мұнда 10 шақырым учаскеде механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапары барысында «Қазсушар» филиалдарын жаңа әрі заманауи арнайы техникамен қамтамасыз ету бойынша шамамен 600 техника жеткізілгенін, жоспарланған жобаларды сапалы іске асыру үшін барлық жағдай жасалғанын айтты. Каналдарды тазалау жұмыстары вегетация кезеңі басталғанға дейін аяқталуы тиіс.