Саясат • Бүгін, 08:00

Еліміздің жаңа конституциялық моделі айқындалды

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата­ның отырысы өтіп, онда сенаторлар Ұлттық құрыл­тайдың V отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген басымдықтарды іске асыру барысын талқылап, күн тәртібіне шығарылған халықаралық келісімдерді ратификациялады.

Еліміздің жаңа конституциялық моделі айқындалды

Саяси жүйені дамытатын бастамалар

М.Әшімбаев атап өткен­дей, Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Әділет­ті Қазақ­станның жаңа консти­туциялық моделін айқындап берді. Елдің болашағына ықпал ететін реформаларды сапалы іске асыру мен заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету кешенді тәсілді, барлық мүдделі тараптың жүйелі әрі сындарлы өзара іс-қимылын, соның ішінде тиісті заңдарды уақтылы қабылдауды қажет етеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрыл­тай­дың отырысында еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға арналған маңызды бастамаларды ұсынып, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Конституция­лық және парламенттік реформа­ға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, Мем­лекет басшысы болашақ Пар­ламенттің атауы, құрылы­мы мен өкілеттігі жайында пікір біл­дірді. Сондай-ақ қоғам­дық-саяси және мемлекеттік институттарды реформалауды көз­дейтін ұсыныстарын жариялады. Олардың қатарында Халық кеңесі мен Вице-президент сияқты жаңа институттар бар. Осы­лайша, Ұлттық құрылтайда Әді­летті Қазақстанның жаңа конс­ти­туциялық моделі ай­қын­далды деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет басшысы конституциялық реформа арқылы мемлекеттіліктің жаңа келбетін белгілеп берді. Алдағы уақытта Сенат депутаттары барлық мүдделі тараппен бірлесіп, Президенттің бас­та­ма­ларын іске асыруды заңна­малық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жалғастыра береді», деді Сенат төрағасы.

Ықпалдастық келісімдері мақұлданды

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының Үкіметі мен Фран­цуз Республикасының Үкіметі арасындағы адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқы­лау кезін­де аталған келісім­ді іске асыру, Қазақстан Респуб­­ли­касының ұлттық мүдде­лері мен халық­аралық ынтымақтас­тық қағи­даттарына сай келетін тұрақты, қауіпсіз әрі сындарлы көші-қон жүйесін қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.

«Қаралған келісім екі ел ара­сын­­­дағы заңсыз көші-қонға қар­сы шаралар қабылдау мақ­саты­­мен әзірленген. Осы құжат ар­қы­­лы реадмиссияның құқық­тық не­гіз­дері мен шарттары нақтыланып отыр. Келісімді ра­ти­­­фи­­­ка­циялау тараптардың құзы­­ретті ор­ган­дарының көші-қон сала­­сын­дағы ынтымақтас­тығын арт­­тыруды көздейді», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласын­дағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады.

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы саласындағы ынтымақтастығын дамытуды көздейді. Атап айтқан­да, азаматтарымызға бір елден екінші елге көшкенде зейнет­ақы төлемдерін тағайындау мен төлеу, еңбек өтілін тану бөлігінде құзы­ретті органдардың ақпарат алмасу тетіктері қарастырылды. Жалпы, бұл келісімнің жүзеге асырылуы елдеріміздің достыққа негізделген қарым-қатынастарын және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын нығайтуға оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Келісім азаматтарға ынтымақ­ты зейнетақы тағайындау бөлігін­дегі қатынастарды реттеп, әскери қызмет, жоғары және орта арнау­лы білім беру ұйымдарында оқу кезеңдеріндегі еңбек өтілін өзара есепке алуды қарастырады. Сон­дай-ақ заң нормаларына сәй­кес зейнет­ақылардың жинақ­талған бөлігін елімізден экспорт­тау жө­ніндегі Қазақстан мен Моң­ғо­лия арасын­дағы ынтымақтас­тық­тың жаңа түрі назарға алынды.

Отырыс барысында Сенат­тың бірқатар депутаты «Алатау қала­сының арнаулы мәртебесі тура­лы» Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық заңының жобасы бойынша Парламент Пала­таларының бірлескен комис­сия­сының құрамына сайланды. Олар – Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары коми­теті­нің хатшысы Евгений Больгерт, Экономика­лық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті­нің хат­шы­сы Серік Шайдаров, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбеков. Б.Орынбеков қосымша баяндамашы болып белгіленді. 

Шекара белдеуіндегі түйткілдер

Отырыста сенаторлар өзек­ті мәселелер жөнін­де өздері­нің депутаттық сауалын жолдады. Депутат Амангелді Нұғманов өзінің сауалында шекара белдеуінің құқықтық реттелуі мен нақты жай-күйіне қатысты мәселелерді көтеріп, Мемлекеттік шекараны сенімді күзету елдің ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығының негізгі факторының бірі екенін атап өтті.

Сенатордың айтуынша, қолданыстағы заңнама шекара белдеуінің ерекше құқықтық режімін белгілейді, оның ішінде осы аумақта орналасқан жер учаскелерін жекеменшік пен уақытша жер пайдалануға беру­ге тыйым салынған. Алайда іс жүзінде осындай 3 мыңнан астам учаске жеке және заңды тұлғалардың меншігінде отыр, олар мемлекетке қайтарылуға тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік шекараның жекелеген учаске­лерінде шекара белдеуі енінің жеткіліксіздігі қосымша қауіп тудырып отыр.

«Жамбыл және Түркістан об­лыстарындағы Қырғыз Респуб­ликасымен және Өзбекстан Республикасымен арадағы шекара белдеуінің ені кей жерлерде 30 метрден аспайды. Бұл құқық бұзушыларға оны санаулы минуттарда басып өтуге мүмкіндік береді. Мұндай аумақтар тауар­лар мен ауыл шаруашылығы жануарларының контрабандасы үшін пайдаланылады. Сондықтан шекара белдеуінің енін 1000 метр­ге дейін ұлғайту әрі толыққанды шекаралық инфрақұрылымды орналастыру үшін жағдай жасау қажет», деп атап өтті А.Нұғманов. 

Жайылым тапшылығы өзекті

Сенатор Сәкен Арубаев еліміздің бірқатар өңірінде жайылымдық жерлердің әлі де тапшы болып отырған мәселесін көтерді. Пайдаланылмай жат­қан әрі заңсыз берілген жерлер­ді мемлекет меншігіне қай­тару бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгеніне қарамастан, жа­йылым мәселесі әлі де өзекті. Депутат келтірген мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда мемлекет меншігіне 14,3 млн гектар жер қайтарылған, оның 12,7 млн гектары – жайылым алқаптары. Оның ішінде 8,5 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылды.

«Маңғыстау облысында жайы­лым тапшылығы – 2,3 млн, Түркістан облысында – 531 мың, Алматы облысында – 758,8 мың, Қызылорда облысында – 403,2 мың, Қостанай облысында 379 мың гектарды құрайды. Бұл ретте қайтарылған жайылымдық алқаптардың бір бөлігі елді мекендерден өте алыс орналасқан, су көздерімен, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген немесе табиғи-климаттық жағдайларды ескергенде толыққанды пайда­лануға жарамсыз», деп атап өтті С.Арубаев.

Сауалда ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігін мемле­кеттік орман қоры санатына өткізу мәселесіне ерекше назар аударыл­ды. Бірқатар өңірде, соның ішінде Жамбыл облысында, дәстүрлі түрде мал жаю мақ­сатында пайдаланылып келген жа­й­ылымдар қолжетімсіз болып қалған. Сонымен қатар бұл учас­ке­лердің көбі іс жүзінде орман өсіру функциясын атқармайды.

Жеңілдетілген несие берудегі жүйесіздік

Сенатор Бекболат Орын­беков аграрлық сектордағы жеңіл­детілген несие беру тетігінің тиім­сіз іске асырылу мәселесін қозға­ды. Оның айтуынша, бұл жағдай ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына қауіп төндіріп отыр.

Парламент мүшесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды қайта қарау жұмысы өте баяу жүріп жатқанын әрі фермерлер үшін күтілген нәтижені бермей отырғанын атап өтті. Салдарынан аграршылар ауыр қаржылық жүктемені арқалап отыр. Сондай-ақ ол мемлекеттің субсидиялар бойынша 341,3 млрд теңге қарызы барына, оның 152,2 млрд теңгесі пайыздық мөл­­шерлемелерді өтеуге тиесі­лі екеніне назар аударды. Төлем­дердің уақтылы жасалмауы фер­мер­лерді несиені 20–22% коммер­циялық мөлшерлемемен өтеуге мәжбүрлейді, бұл іс жүзін­де оларды қарызға батырады.

Сенатор жеңілдетілген несиеге қол жеткізудегі теңсіздік мәсе­лесіне де тоқталды. Екінші деңгейлі банктердің ауылдағы актив­терді бағалау кезіндегі кон­сер­вативті сая­саты мен кепіл мүлкінің төмен­детілген коэффи­циенттері шағын және орта қожалықтардың қаржы тарту мүмкіндігін шектеп отыр.

Б.Орынбеков ауыл шаруашы­лығы техникасының тозу дең­гейінің 75%-дан асып кетуін, сон­дай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингтік бағдарламаларының қазіргі инфляциялық жағдай­ларға сәйкес келмеуін бөлек мәселе ретінде атап өтті.

Сонымен қатар отырыста депутат Зәкіржан Кузиев «Ауыл шаруа­шылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша гранттар санын көбейту қажет екенін айтты. Сенатордың сөзіне қарағанда, бұл – ұлттық және азық-түлік қауіпсіздігін, сондай-ақ елдің жалпы әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам.

Сенатор Бекбол Орынбасаров өз сауалында ақын Сәттіғұл Жан­ға­был­ұлының 150 жылдық мерей­тойын 2026 жылға арнал­ған жалпы республикалық мерейтойлар тізіміне енгізуді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар

Он үшінші білім ошағы

Білім • Бүгін, 07:20