Мәдениет • 23 Қаңтар, 2026

Астанада ұлттық мәдени кодты сақтау мәселелері талқыланды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен цифрландыру мен креативті индустрияның дамуы жағдайында ұлттық мәдени кодты сақтау мәселелеріне арналған «Заманауи қоғам және ұлттық дәстүр: үйлесім мен ұстаным» атты республикалық семинар өтті, деп жазады Egemen.kz.

Астанада ұлттық мәдени кодты сақтау мәселелері талқыланды

Іс-шараға ғалымдар, этнографтар, мәдениеттанушылар, креативті индустрия өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, сондай-ақ жастар және волонтерлік ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа-сарапшылар қатысты.

Семинар барысында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов оқып берді. Құттықтау хатта Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениетті мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде атап өткені айтылды.

«Жаңа технологиялар, цифрлық орта және жасанды интеллект мемлекеттердің, экономикалардың және қоғамдардың даму бағытын барған сайын айқындай түсуде. Осындай технологиялық серпіліс жағдайында ұлттық мәдени кодты жоғалтпау, төл болмысымызды сақтау – аса маңызды міндет», делінген құттықтау хатта.

Семинар аясында тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, суретші, дизайнер, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаев, дизайнер Фарида Мерхамитқызы баяндама жасады. Сарапшылар соңғы жылдары қазақ дүниетанымына тән емес, ұлттық болмыстан алшақ кейбір құбылыстардың «дәстүр» ретінде насихатталып жүргеніне назар аударды. Әсіресе ұлттық ою-өрнектерді орынды әрі мағыналық тұрғыда дұрыс қолдану мәселесі көтеріліп, әйелдерге тән ою-мотивтердің ерлер киімінде жиі пайдаланылуы сынға алынды. Сонымен қатар қазақ мәдениетіне жат элементтердің ұлттық мұра ретінде ұсынылуы да талқыланды.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралып жүрген, алайда тарихи негізі жоқ «жаңа дәстүрлердің» қоғам санасына әсері сөз болды. Мамандар мұндай үрдістер қалыптасқан мәдени нормалар мен құндылықтарға кері ықпал етіп, төл салт-дәстүрдің мәнін бұрмалайтынын атап өтті. Іс-шара барысында дәстүрлерді коммерциялау мәселесі де көтерілді

Семинарды қорытындылай келе қатысушылар ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамытуда ғылыми негізге сүйену, жауапты көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ дәстүр мен заманауилықтың үйлесімін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар