Сурет: rb1ncm.ru
- 23-25 қаңтар аралығында Германияның Инцелль қаласында конькиден Әлем кубогі-нің кезеңдік бәсекесі өтеді. Неміс жерінде Надежда Морозова, Арина Ильященко, Елизавета Голубева, Алена Лифатова, Кристина Силаева, Евгений Кошкин, Нұрәлі Ақжолов, Роман Биназаров, Алтай Жәрдембекұлы, Артур Галиев, Александр Кленко, Вадим Якубовский, Андрей Зуев бақ сынайды.
- 7-8 ақпан аралығында өтетін ҚХЛ-дың «Жұлдыздар матчында» Астананың «Барыс» клубының қақпашысы Адам Шил өнер көрсетеді. Биылғы маусымда ол 23 рет мұз айдынына шығып, 587 соққының 542-сін кері қайтарды. Бұл – 92.3 пайыздық көрсеткіш. Шилдің сенімділік коэффициенті 2.41-ді құрап отыр.
- Үстел теннисінен Дохада ұйымдастырылған WTT Youth Contender турнирінде Назерке Болатбек қола медаль иеленді. Алғашқы үш қарсыласын қапы қалдырған 13 жасар Назерке жартылай финалда мысырлық Заки Малакқа жол берді.
- 24 қаңтарда Өскеменде кәсіпқой бокс кеші өтеді. Жарыстың басты жекпе-жектерінің бірінде танымал былғары қолғап шебері Сапарбай Айдаров (8-0, 2) айқасады. Қандасымыз Өзбекстанның өкілі Асылбек Махамаджоновпен (5-3-1, 4 КО) кездеседі.
- Алдағы күндері «Астана» велоклубы Пиреней түбегінде жалауы желбірейтін бірнеше дүбірлі додаға қатысады. Алғашқы жарыс – «Камп де Морведре классикасы». Келесі сөре – «Кастельон-де-ла-Плана» Гран-приі. Соңғы кезекте «Валенсия классикасының» шымылдығы түріледі. Бұл бәсекелерде «Астана» сапында Клеман Шампуссан (Франция), Никола Кончи, Лоренцо Фортунато, Диего Улисси, Кристиан Скарони, Давиде Баллерини (Италия), Томас Сильва (Уругвай), Хаоюй Су (Қытай) өнер көрсетеді.
- БАӘ-де оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Астана» мен «Елімай» командалары-ның футболшылары келесі айда КСРО чемпионатын 15 мәрте, Ресей премьер-лигасын 10 рет ұтқан Мәскеудің әйгілі «Спартак» клубымен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Елордалықтар 10 ақпанда кездессе, семейліктер 23 ақпанда сайысқа түседі.
- 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегия астанасы – Ослода шахматтан «Norway Chess Women 2026» додасы өтеді. Осы жарыста еліміздің намысын Бибісара Асаубаева қорғайды. Блицтен үш дүркін әлем чемпионы, рапидтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ФИДЕ рейтингінде 11-сатыға жайғасқан Бибісара Скандинавия түбегінде де елеулі табысқа қол жеткізеді деп үміттенеміз.
- 8 наурызда Лас-Вегаста аралас жекпе-жектен өтетін UFC 326 турнирінің толық карды белгілі болды. Жарыста жартылай ауыр салмақтағы қазақ файтері Дияр Нұрғожай бразилиялық Рафаэль Тобиаспен күш сынасады. Кештің басты айқасы аталған промоушеннің бұрынғы чемпиондары Макс Холлоуэй (АҚШ) мен Чарльз Оливейра (Бразилия) арасында өтеді.