Спорт • 28 Қаңтар, 2026

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ыстанбұлда каратэден Премьер-лига санатындағы жарыс өтті. +68 кг салмақта айқасқан Олимпиаданың қола жүлдегері Софья Берульцева алтыннан алқа тақты. Финалда ол непалдық Арика Гурунгты 4:2 есебімен ұтты. 55 кг салмақтағы Бэлла Сама­шева да қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол шешуші тұста словакиялық Нина Квас­никованы ­қапы қалдырды. Жалпы есепте жерлестеріміз (2+0+0) Мысыр (2+3+1) ­мен Түркиядан (2+2+2) кейінгі үшінші орынды иеленді.

Жарыс күнделігі

Сурет: ernur.kz

  • Жапонияның Rizin FF лигасында айқасып жүрген аралас жекпе-жектің хас шебері Қаршыға Дәуітбек (18-3) келесі кездесуін 7 наурызда Токиода «Айдаһар» деген бүркеншік есім­мен танылған жергілікті спортшы Рюя Фукудаға (26-9-1) қарсы өткізеді. Қандасымыз бұл промоушеннің чемпиондық ­бел­­беуіне бұрынырақ таласуға тиіс еді. Себебі Қаршыға Жапо­­ния­да ұйымдастырылған жарыстардың барлығында қарсылас­­тарын қоғадай жапырды. Тек 31 желтоқсанда өткен соңғы кезде­­суінде Юта Кубо қазақ файтерінің көзін шұқып алып, жекпе-жектің нәтижесі есепке алынбады.
  • Италияның Поцце-ди-Фассе қаласында тау шаңғысынан халықаралық турнир аяқталды. Әйелдер слаломында сынға түскен Александра Скороходова алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Екінші, үшінші орындарды италиялық Джун Гаритано Итурбе мен америкалық Эмма Гуггенхаймер иеленді.
  • Ташкентте бокстан Өзбекстан чемпионаты мәреге жетті. 90 кг салмақ дәрежесінің финалында Мадияр Сайдрақымов пен Шахзод Палвонов кездесті. Бұл бәсеке алғашқысының пайдасына шешілді. Сөйтіп, 28 жастағы қандасымыз көршілес елдің чемпионы атанды. Қалың қазақ шоғырланған Бостандық ауданында дүниеге келген Мадияр бұған дейін 2019 жылы әскерилер арасында әлем ­чемпионы, 2021 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері болды, 2022 жылы Азия біріншілігінің финалында ойнады.
  • АҚШ-тың Лонг-Бичінде өткен жарыста екінші жартылай жеңіл салмақта сайысқа түскен кәсіпқой боксшы Айдос Медет армениялық Азат Ованнисяннан төрешілердің шешімімен ұтылды. Осыған дейін 13 жекпе-жекте жеңіске жеткен қандасымыз өз мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. 
Соңғы жаңалықтар