Фото: Instagram\_annadanilina_
Әйелдер арасындағы Қазақстанның үздік теннисшілерінің бірі Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге турнирдің бірінші нөмірлі жұбына қарсы кортқа шықты. Олардың қарсыластары – жұптық сындағы әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тэйлор Таусенд болды. Тартысты өткен кездесу 6:3, 3:6, 6:0 есебімен Данилина мен Круничтің пайдасына аяқталды.
Аталған жұп енді финал жолдамасы үшін канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефани дуэтімен кездеседі. Айта кетейік, Анна Данилина бұған дейін, 2022 жылы, Australian Open турнирінің жұптық финалына дейін жеткен еді.
Australian Open-2026: Анна Данилина ширек финалға жолдама алды
Жас теннисші де қуантты
Australian Open турнирінің жасөспірімдер санатында тағы бір Қазақстан теннисшісінің жолы сәтті жалғасып жатыр. 17 жастағы Заңғар Нұрланұлы турнирдің ширек финалына шықты. Ол 1/8 финалда ресейлік Савва Рыбкинді 6:1, 6:4 есебімен сенімді түрде жеңді. Енді жартылай финал жолдамасы үшін Гонконг өкілі Кай Томпсонмен күш сынасады.
Былтыр Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасындағы US Open турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, көпшілікті таңғалдырған. Енді ол тағы бір «Үлкен дулыға» жарысында жоғары нәтиже көрсетпек.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанның тағы бір жұлдызы, әлемнің бесінші ракеткасы Елена Рыбакина Australian Open турнирінің ширек финалында Польшаның әйгілі теннисшісі, «Ролан Гаррос», Уимблдон және US Open чемпионы Ига Швентекті сенсациялық түрде жарыс жолынан шығарды. Бұл жетістіктер отандық теннистің әлемдік аренадағы беделі артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Australian Open: Елена Рыбакина әлемнің екінші үздік ракеткасын жеңді