Жарыс шымылдығын мұз айдынына алғашқы болып шыққан бишілер түрді. Бұл сында ел намысын Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қорғаған болатын. Алайда, отандастарымыз жанкүйер күткен нәтижеге қол жеткізе алмай, 15 жұптың арасында 12-орынға табан тіреді. Сайыстың бұл түрінде АҚШ құрамасы толық үстемдік құрды деуге болады. Жүлделі үш орынды да мұхиттың арғы жағынан келген спортшылар өзара бөлісті. Атап айтқанда, Эмилия Зингас пен Вадим Колесник, Кэролайн Грин мен Майкл Парсонс, Уна Браун мен Гейдж Браун жұптары үздіктер қатарынан көрінді.
Жұптық жарыста айдын иелері – қытайлық Суй Вэньцзин мен Хань Цун алтын медальды мойындарына ілсе, күміс жүлде жапониялық Юна Нагаока мен Сумитада Моригутиге бұйырды. Үздік үштікті америкалық Алиса Ефимова мен Миша Митрофанов түйіндеді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде жанкүйерлер Софья Самоделкинаға зор үміт артқан еді. Ресейден елімізге қоныс аударғанына көп бола қоймаған 18 жастағы спортшы Бейжіңдегі сияқты үлкен сынақтарға әзірге толық дайын еместігін байқатты. Ол жарысты 9-орынмен аяқтады. Бұл бағдарламада Күншығыс елінің өкілдеріне тең келер ешкім болмады. Нәтижесінде, Ами Накай – алтын, Юна Аоки – күміс, Монэ Тиба қола медальды қанжығаларына байлады.
Жанкүйерлер ерлер арасындағы сайысты, оның ішінде Михаил Шайдоровтың өнерін тағатсыздана күтті. Өйткені былтыр ақпанда дәл осы турнирде топ жарған ол, арада бір ай өткенде әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжалаған болатын. Сол себепті, Михаилдың Бейжің мұзында қайтадан жарқылдайтынына сенім мол еді. Қысқа бағдарлама қорытындысында Жапонияның үш жұлдызы – Као Миура, Кадзуки Томоно, Сота Ямамотоны алға жіберген алматылық сайыпқыран төртінші сатыға жайғасқан. Шешуші сәтте барын салса, жеңіс ауылы алыс емес еді. Алайда еркін бағдарламада көпшілік күткендей нәтиже көрсете алмаған жерлесіміз 266,20 ұпай жинап, бесінші орынды місе тұтты.
Ерлер арасындағы жапониялық Миура (273,73) бас жүлдені иеленсе, оның отандасы Ямамото (270,07) қолаға қол созды. Күміс медальды оңтүстіккореялық Ча Джун Хван (273,62) еншіледі. Ұлттық құраманың өзге мүшелеріне тоқталсақ, Диас Жиренбаев (185,43 ұпай) – 19, Олег Мельников (164,34 ұпай) 21-сатыға тұрақтады.