Туған топырақтан түлеп ұшып, ел ықыласына бөленіп жүрген өнер иелері бір сахнада бас қосып, жергілікті жұрттың құлақ құрышын қандырды. Концерт композитор, әнші Жарылғапберді Жұмабайұлының 175, қазақ химиясының атасы Әбікен Бектұровтың 125 жылдығына арналды.
Кеш барысында Баянауыл елінің талантты азаматтары, ұлттық өнердің жарқын өкілдерінен құралған «Сарыарқа» триосы ән тарту етті. Сондай-ақ Баянауылдың тумасы, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, Алматы қаласынан арнайы келген Гүлия Айдарханова да кештің көркін аша түсті.
Жарылғапберді Жұмабайұлы – «Ардақ» «Шама», «Топайкөк» секілді қайталанбас әндердің авторы. «Әнді ерттеп, күйді мінген» дейтін жампоздың нақ өзі. Заманында әнші Жарылғап, балуан Жарылғап атанған. Әнші болғанда асқақтатып көтергенде аспандағы құс қайырылған ғаламат дауыс иесі болған өнерпаз. Сүйегі Баянауланың Күркелі өңіріндегі Жарылғап қорасы деген жерге жерленген.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы