Марракеш келісімі және Моңғолия нарығы
Мәжіліс бұл жолғы кезекті жалпы отырыста 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттаманың қосымшасына – Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы, сонымен қатар бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімін ратификациялау туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Күн тәртібіндегі аталған заң жобаларын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов таныстырды. Баяндамашының айтуынша, 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісімін ратификациялауға қатысты заң жобасы қызметтер нарығында тең жағдайларды және әкімшілік рәсімдердің болжамдылығын, рұқсат құжаттарын берудің біліктілік талаптары мен мерзімдерін белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ қызмет көрсету нарығын дамыту және Дүниежүзілік сауда ұйымы елдері мен отандық жеткізушілер үшін жаңа мүмкіндіктер жасау бойынша мемлекеттік реттеуді жетілдіру көзделген.
Ал бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісіміне өткен жылғы 27 маусымда Минскіде қол қойылған. Келісімнің негізгі мақсаты – Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Моңғолия арасындағы сауда қатынастарын дамыту және нығайту. Сонымен қатар осы келісім арқылы еліміздің тауарларын Моңғолия нарығына шығаруға қолайлы жағдай жасалмақ.
«Жасыл» энергетиканы дамытудың өзектілігі
Сонымен қатар Мәжіліс күн тәртібіндегі кейінгі екі мәселе – Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы ратификациялық келісімдерді қарап, тиісті шешімін шығарды.
Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы Келісімге 2024 жылы 12 қарашада халықаралық климаттық COP-29 форумы аясында қол қойылған. Бұл келісім тұрақты және «жасыл» энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталып отыр.
«Келісімнің мақсаты – ұзақмерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, энергия өндіру мен жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу. Құжат аясында жалпы орнатылған қуаты 1,8 ГВт болатын жаңартылатын энергетика саласындағы үш ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде жиынтық қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр стансасын және қуаты 300 МВт болатын бір күн электр стансасын салу жоспарланып отыр», деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Осы заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин қазіргі таңда еліміздің энергетикалық жүйесі күрделі кезеңнен өтіп жатқанын айтты.
«Электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді, ал ең жоғары жүктеме сағаттарында жекелеген өңірлерде қуат тапшылығы байқалады. Генерация құрылымында көмірге тәуелділіктің жоғары болуы экологиялық жүктемені арттырып қана қоймай, энергожүйенің маневрлік және теңгерімдік мүмкіндіктерін шектейді. Осы жағдайда жаңартылатын энергия көздерін дамыту – таңдау емес, объективті қажеттілік», деді депутат.
Қаралып отырған Келісімді Е.Жаңбыршин еліміздің климаттық және энергетикалық міндеттемелерін орындауға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инвестициялар мен технологияларды тартуға бағытталған маңызды қадам әрі Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағдарлармен үндесетін және елдің ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келетін шешім екенін айтты.
Жобаларды Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының аумағында іске асыру жоспарланған. Оларды іске асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Жалпы, энергетикалық және экологиялық тұрғыдан алсақ, жобалар жыл сайын 5,7 млрд кВт·сағаттан астам «жасыл» электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді әрі көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына 4,5 млн тоннаға дейін қысқартуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Мәжіліс 2024 жылы 6 қарашада Бішкекте қойылған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялады. Осылайша, еліміз Түркі мемлекеттері ұйымы елдерімен төтенше жағдайлар кезінде бірлесіп әрекет ету тетігіне қосылды. Мұндай мүмкіндікке негіз болатын заң жобасын жалпы отырыста Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Кеген Тұрсынбаев таныстырды.
Құжат мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да елдердің аумағында туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп жұмылуына бағытталған. Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін апаттар мен төтенше жағдайларды басқаруға жауапты Министрлер кеңесі, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігінің хатшылығы құрылады.
Ауыл мәселесін көтерген сауалдар
Күн тәртібінде негізгі мәселелер қаралып, талқыланып, тиісті шешімі қабылданып болған соң, депутаттар атқарушы, құзырлы органдарға бағытталған сауалдарын жолдап, біршама өзекті мәселені қаперге салды.
Мұқаш Ескендіров Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға баспанамен қамтамасыз ету ісіндегі заңнамалық кедергілер мен тиімсіз тетіктер турасында сөз қозғады. Мәжіліс депутаты бірінші вице-премьердің назарына Жамбыл облысын аралау барысында қаныққан тұрғын үй саласына қатысты бірқатар проблемалық мәселені жеткізді. Оның айтуынша, коммуналдық меншіктегі тұрғын үй қорынан сатып алынған пәтерлерді осал топтағы азаматтарға жалдамалы баспана ретінде үлестіру үдерісіне қолданыстағы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер кедергі болып отыр. Қысқаша айтқанда, деректер базасы жергілікті атқарушы органдардан «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне» берілгелі тұрғынжайды келісу туралы өтінішке дер кезінде жауап бермеуіне және кезекте тіркелген азаматтардың деректерінің түзетіліп жаңартылмауына байланысты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары созылып кеткен.
Бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тұрған 57 434 азаматтың небәрі 10 пайызының ғана дерегі жаңартылған. Бұған тиісті деңгейде түсіндірме жұмыстарының болмауы, кезектегілердің электрондық цифрлық қолтаңбаны дұрыс пайдаланбай, уақтылы қол қоя алмауы себеп болып отыр. Осыған байланысты депутат М.Ескендіров Р.Склярға ұсыныстарын жолдап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
«Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары мен Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитеті мүшелері атынан Жигули Дайрабаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке Абай және Ұлытау облыстарына теңдей қатысты түйткілді мәселені көтерді. Айтуынша, аталған аймақтарға барған 10 күндік жұмыс сапары барысында, әсіресе шалғай ауылдардың тұрғындары мамандардың тапшылығына, жастардың ауылдан үдере көшуіне, ветеринарлық сала деңгейінің төмендігіне, ауызсу, көлік, жол, жалпы ауылдық инфрақұрылымның тозуына қатысты сұрақтарды қарша боратқан.
Ондағы тұрмыстың тұралауы айрықша алаңдатарлық-ақ. Ал оған фермерлерге арналған несиелеу шарттарының қатаңдығы, кепіл талаптарының ауырлығы, қаржының кеш бөлінуі қолбайлау болып, жұмыстың уақытында жүргізілуіне мүмкіндік бермей отыр.
«Шалғай ауылдарда мал бағып, егін егіп, ел экономикасының нақты тірегіне айналған қарапайым еңбек адамдарының рухын көтеру – стратегиялық маңызы бар міндет екенін», атап өткен депутат Абай және Ұлытау облыстарын дамытуды жеделдету мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар мәселені қарастыруды сұрады. Ең алдымен аталған облыстарға арналған арнайы кешенді әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын қайта қарап, қаражатты көбейту мүмкіндігін зерделеп, республикалық бюджеттен қосымша трансферттер бөлу керектігін айтты.
Ал «Аmаnаt» партиясы фракциясының Олжас Бектеновке артқан аманатын Жанарбек Әшімжанов жеткізді.
Депутат азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуы тұрғысынан жолдаған сауалында ауыл шаруашылығы мен ветеринариядағы білікті кадрлардың тапшылығы төңірегіндегі түйткілдер турасында ой қозғады.
Айтуынша, аграрлық мамандар даярлау саласындағы мемлекеттік саясатта түйткілді мәселелер бар. Кейінгі 10 жылда елімізде мемлекеттік білім гранттарының саны 2,5 есеге ұлғайғанымен, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» мамандықтары бойынша мемлекеттік гранттардың үлесі 2 есеге азайып, 8,5%-дан 4,2%-ға дейін қысқарып кетіпті.
«Бұл ел Президентінің агроөнеркәсіп кешенін экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналдыру және биологиялық қауіпсіздіктің негізі ретінде ветеринарлық қызметті дамыту туралы тапсырмаларына тікелей қайшы келіп отыр», деген депутат саладағы жағдайды осындай күйге түсірген әлеуметтік факторларды атады.
«Қазіргі таңда аграрлық және ветеринариялық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақысы 52 мың теңгені құрайды, бұл педагогикалық және медициналық бағыттармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ауылдық жердегі отбасылардың табысы тұрақсыз. Мұндай жағдайда балаларды қалада оқыту қиямет-қайым. Соның салдарынан мемлекет агроөнеркәсіп кешенін басым бағыт деп жариялағанымен, ауыл жастарының аграрлық білім алуына қажетті жағдайлар жасалмай отыр», деді Ж.Әжімжанов.
Өз сауалында депутат Үкіметтен жағдайды оңалтуға септесетін бірнеше ұсынысын тізіп берді. Солардың негізгісі – «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» бағыттары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта қарап, гранттар санын арттыру, аграрлық және ветеринариялық мамандықтар студенттерінің шәкіртақы мөлшерін педагогикалық және медициналық бағыттардағы шәкіртақылармен теңестіру.
Депутат Айгүл Құспан да мемлекет пен қоғам үшін өте өзекті болып отырған жайтқа Үкімет назарын аударды. Ол бүгінгі жастардың патриоттық сана-сезімінің шала-жансарлығынан кейінгі жылдары мерзімді әскери қызметті жасақтау мәселесі күрделеніп бара жатқанына тоқталды. Келешегімізге күмәнмен қаратып отырған бұл келеңсіздікті депутат ең алдымен әскерге дейінгі дайындық ісінің кенжелеп қалғанымен байланыстырды. Осы саладағы көңіл көншітпей тұрған көп жайтты жіпке тізгендей баяндаған А.Құспан Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға тиісті ұсыныстарын бағыттады.