Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, мал санын көбейту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Өткен жылы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 3,3 млрд теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 12,1 мың бас жылқы, ірі қара және ұсақ мал сатып алынған.
Сонымен қатар бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттыру мақсатында аталған корпорация 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен екі жаңа несиелеу бағдарламасын іске қосты. Алғашқы бағдарлама аясында Ақсу, Алакөл аудандары мен Талдықорған қаласындағы үш бордақылау алаңына жалпы көлемі 1,5 млрд теңге несие берілді. Екінші бағдарлама бойынша қаржыландыру көктем мезгілінде басталмақ. Қазіргі таңда өңірде 29,2 мың ірі қараға есептелген 72 бордақылау алаңы жұмыс істейді.
Жекеменшік инвестиция да назардан тыс емес. Мәселен, «NAT AGRO» ЖШС өз қаражаты есебінен 1,5 млрд теңгеге 2 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысын аяқтаған. Кәсіпорын жылына 1 500 тонна ет өндіруді жоспарлап отыр.
Жалпы, 2026 жылы мал шаруашылығы саласына бөлінетін субсидия көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайтылуы — салаға деген мемлекеттік қолдаудың арта түскенін аңғартады. Бұл шаралар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, ауыл экономикасының дамуына серпін бермек.