Сурет: nur.kz
Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі сегізінші ойынын Лондонда өткізген алматылық клуб жергілікті «Арсенал» командасынан 3:2 есебімен ұтылды. Төрешінің ысқырығынан кейін алға ұмтылған лондондықтар 2-минутта-ақ есеп ашты. Виктор Дёкереш еншісіне гол жазды. 7-минутта Жоржиньо пенальтиден таразы басын теңестірді. Кай Хаверц 15-минутта «Арсеналды» алға шығарса, 36-минутта Габриел Мартинелли есепті 3:1-ге
жеткізді.
Рафаэль Уразбахтин баптайтын «Қайрат» ойыншылары екінші таймда қанша тырысқанымен тегеурінді қарсыластың қорғанысын бұза алмады. Тек 90+4-минутта Рикардо Виана Фильо есепті қысқартты. «Арсенал» клубы чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өткізген 8 матчта өз қақпасына 4 гол ғана жіберді, соның екеуін «Қайрат» футболшылары соқты. Англия премьер-лигасында да, чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде де көш бастап тұрған «Арсеналдың» айбынынан ықпаған алматылық клуб футболшылары барын салғанымен, ұпай олжалай алмады.
Осылайша «Қайрат» футбол клубы жетпіс жылдық жылнамасында чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне тұңғыш рет шығып, сегіз бірдей серкемен тартысқа түсті. Алдымен Португалияның «Спортинг» клубынан 1:4 есебімен ұтылды, одан кейін Алматыда Испанияның әйгілі «Реал Мадрид» клубына 0:5 есебімен есе жіберді. Былтырғы маусымда чемпиондар лигасының финалында сүрінген Италияның «Интер» командасынан 2:1 есебімен жеңілді. Кипрлік «Пафос» клубымен Алматының «Орталық стадионында» тең тарқасты (есеп – 0:0), Данияның «Копенгаген» клубынан сырт алаңда 3:2 есебімен ұтылды. «Астана арена» стадионында Грекияның «Олимпиакос» клубына 0:1, Бельгияның «Брюгге» командасына 1:4 есебімен есе жіберді.