Саясат • Бүгін, 08:48

Саяси жаңғыру салмақты шешімдерге сүйенеді

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенатта мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту кезінде конституциялық реформаның мәні мен мазмұны, оның саяси жүйені жаңғыртудағы, сондай-ақ мемлекеттік құрылымның жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі талқыланды.

Саяси жаңғыру салмақты шешімдерге сүйенеді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ұлттық мүдде» диалог алаңын­да «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конститу­циялық моделі» тақырыбында өткен отырыс қатысушыларына ілтипат білдіріп, Мемлекет бас­шысының бас­та­масымен қол­ға алынған ауқым­ды консти­туциялық өзгеріс­тер мемлекет­тілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам әрі қоғам­ның саяси жүйені жаңарту­ға қатысты сұранысына беріл­ген жауап екенін атап өтті. Сон­дай-ақ ол бұл белгілі бір са­ла­­лар­дағы өз­герістер емес, мемле­кет­тік мо­дель­д­ің мазмұны мен жұмыс істеу қағидаттарын түбегейлі қайта қарау екенін тілге тиек етті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуыр­да өткен отырысында ауқымды конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы еліміздің мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі бас­талатынын жеткізді. Бұл – сая­си жүйемізге түзетулер мен толық­тырулар енгізу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге бейімделу арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Сондықтан осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие», деді М.Әшімбаев.

Палата спикері елімізде жүргі­зі­ліп жатқан конституциялық реформа кешенді әрі жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Алдағы өзгерістер парламенттік реформалар аясынан шығып, Ата заңымызды тұтастай қамтып отыр. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгеріс енетіні белгілі болды. Бұл бас­ты құқықтық құжатымыздың 84 па­йы­зын құрайды. М.Әшімбаев ре­фор­маның маңызды бағыты елі­міздің жоғарғы заң шығарушы органының өкілеттіктерін кеңейту мен рөлін күшейтуді көздейтінін де атап өтті. Сондай-ақ заңнамалық үдерісті оңтайландыру, депутат­тар­дың дербестігін арттыру, пар­тия­лық жүйені дамыту мен саяси бәсекелестікті күшейту бағытына да баса мән беріліп отырғанына тоқталды.

Сенат төрағасы реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім мен диалог институты ретінде Халық кеңесін құру туралы Мемлекет басшы­сының ұсыны­сына да тоқ­талды. Сондай-ақ аталған алаңда идеология, құнды­­лық­тар мен ұлттық бірлік мәсе­лелері талқыланатыны, кеңеске заң шы­ғаруға бастамашы болу құқы­ғын беру оны мазмұнды институтқа айналдыратыны сөз болды. Ұсынылған өзгеріс­тер­дің қатарында вице-президент лауазымын енгізу мен Консти­туцияның преамбуласын жаңарту туралы бас­тамалар да бар. Сол арқы­лы мем­лекеттіліктің тарихи сабақ­тас­тығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды ең жоғары мақсат ретінде белгілеу көзделіп отыр.

«Еліміз ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басып жатыр. Осы тарихи сәтте зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды өзгерістердің мәнін қоғамға дұрыс жеткізу аса маңызды. Қазіргідей жауапты кезеңде ұлттық бірлікті одан әрі бекемдеу өте өзекті. Қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде де сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғырудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолын­дағы жаңа конституциялық модельге көшу кезеңі. Алдағы уақытта конституциялық реформаларды табысты іске асыруға зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы белсенді үлес қосады деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Отырысқа қатысқан жазушы, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы қазақ тілінің мәсе­лесіне тоқталса, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы қоғамның жаңаруға деген ұмтылысы мемле­кет­шілдік мүддемен үйлескенде зор нәтиже беретінін айтты.

«Бүгінгі әділеттілік қағидатын осы аяда қарауға болады. Консти­туциялық реформа – соның жүзеге асу үдерісі. Бүгін сана мен елдік мүддеге қатысты біраз орайлы ой айтылды. Рас, өзгеріс – даму белгісі. Тәуелсіздік елең-алаңы 90-жыл­дардағы жағдай мен отыз жыл ара­дағы таным-түсінікті салыс­тыру­ға келмейді. Саясат­тану, қоғам­тану тұрғысынан да кейбір үдерістің жыл­дамдығы мен оқыс сипатын ба­йып­тау оңайға түспейді. Қан­шама терминология, талап жаңарды.

Міне, сондықтан да Ата заңға қайта оралу және жаңа өз­геріс­тер мен толықтырулар енгізу – ма­ңызды елдік іс. Сынау үшін сынау – дәйексіз нәрсе. Комиссия құрамында жүріп бай­қағанымыз: білікті заңгерлер, мемлекетшіл қайраткерлер, түрлі саланың тәжірибелі мамандары Конституцияның әр бабын терең байыптап, замана мен әділет­ті арқау еткен мемлекет үні, ұста­нымы, парасаты, қағидаты тұрғы­сынан сараптап жатқаны ақиқат.

Біз ақпарат, білім, мәдениет маманы болғандықтан, жаңа Ата заңда өркениет пен ұлт құн­ды­лығы, ғылым мен инновация қағидаты, рухани саламаттылық жөні заңдық тұжырым ретінде енгелі жатқанын айтуды парыз санаймын. Сондай-ақ бұрын ескерілмеген Ұлы дала мемле­кеттілігінің тарихы мен тәжіри­бесі, егемендікті көздің қарашы­ғын­дай сақтауға мүмкіндік бере­тін қағидаттар да қамтылды», деді Д.Қамзабекұлы.

Ал Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мек­тебінің доценті, PhD, Сенат жанын­дағы Сарапшылар клубының мүшесі Серік Оразғалиев отырыста меритократия қағидатына тоқталды. Оның айтуынша, меритократия ұғымы жиі айтылып, ол мемлекеттік қызметті дамытуға арналған стратегиялық құжат­тар­да кәсібилік, біліктілік, адал­­дық мемлекеттік басқарудың ма­ңыз­ды бағыты ретінде көрсетіл­гені­мен, Конституцияда бекі­тіл­ме­ген. Ол стратегиялық құ­жаттар мен салалық заңдар дең­гейінде бар, бірақ конституциялық норма ретінде орнықпаған.

«Бұл – маңызды мәселе, себебі халықаралық салыстырмалы зерттеулер көрсеткендей, меритке негізделген мемлекеттік қызмет жүйелері конституциялық деңгейде қорғалмаған жағдайда, олар саяси циклдер барысында әлсірейді, ал кейде толықтай формалдылыққа айналады. Бас­қаша айтқанда, меритократия басқарушылық ұстаным ретін­де ғана емес, құқықтық тұрғыда да тұ­рақ­ты институционалдық негізге ие болуға тиіс. Мұндай қадам би­лік тармақтарының құры­лы­мын өзгертпейді. Алайда ол мем­ле­кет­тік аппараттың сапасына қа­тысты баршаға ортақ, мін­дет­ті, ұзақмерзімді стандарт­ты белгі­лей­ді. Ұлттық мүд­де тұр­ғысы­нан алғанда, меритократияны Конс­ти­туцияда бекіту мемле­кет­­тік басқаруда сабақтастық­ты, кәсі­би­лікті, институционалдық тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге бағыт­талған шешім болар еді. Бұл тәсіл тиімді басқаруды уақыт­ша саяси таңдау емес, мемле­кет­тің тікелей конституция­лық міндеті ретінде бекітеді», деді С.Оразғалиев.

Парламентаризм институ­ты­ның орталық басшысы, PhD, Талдау мектебінің түлегі Шолпан Саймова саяси жаңғыру цифрлық трансформациямен тығыз байланыс­ты деген пікір білдірді. Өйткені ке­йінгі жылдары жасанды интел­лект пен цифр­ландыру мемлекет­тік сая­сат­тың басым бағыттарының біріне айналды. Оның айтуынша, бүгінде цифрлық технологиялар қосалқы құрал емес, басқарудың жүйеқұраушы факторы ретінде қалыптасып отыр. Мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім салалары біртіндеп онлайн форматқа көшіп жатыр. Алайда цифр­ландыру дәуірінде, әсіресе онлайн ортада адамның құқықтық қорғалу деңгейі бірқатар елеулі сын қатерлерге тап болып отыр.

«Осы орайда цифрлық ортада да адамның жеке өмірі мен дербес деректері Конституциямен бірдей деңгейде қорғалуға тиіс. Ол үшін Конституцияның 18-бабын қазіргі цифрлық шындыққа сай кеңінен түсіндіріп, қолдану қажет. Екіншіден, интернетке қолжетімділікті жай техникалық мүмкіндік емес, азаматтардың тең құқықтарын іске асырудың негізгі шарты ретінде қарауымыз керек. Үшіншіден, цифрлық кеңістікке қолжетімділікті арттыра отырып, азаматтардың дербес деректері мен цифрлық қауіпсіздігін қорғау мемлекеттің ажырамас консти­туциялық міндеті ретінде қатар жүргізілуге тиіс», деді спикер.

«Ел тарихы» ғылыми зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай Ата заңның тарихи даму кезеңдерін айтып берді.

«1993 жылы қабылданған Конс­ти­туция «Қазақ КСР Мем­ле­кет­тік Егемендігі туралы» дек­ларация мен «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касының конс­титу­ция­лық заңын қабыл­даудан бастал­ған тәуел­сіз мемлекеттің конс­­­титу­ция­лық құрылысы үдері­сін нақты­л­ады. Бірінші демо­­кра­тиялық Конституцияның қа­был­­дануы еліміз үшін тарихи және ауқымды оқиға болды. 1993 жыл­ғы Конституция шын мәнін­де демо­кратиялық құндылық­тар­ды қо­ғамдық санаға сің­діру, одан әрі дамыту, мемлекетті­лікті қалып­тас­тыру үшін негіз құрды. Ал 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкіл­­хал­ықтық референдумда мақұлданған еліміздің қол­даныстағы Конституциясы мем­лекеттілігіміздің дамуы­ның кезекті кезеңі ретінде тарихқа енбек», деді Е.Сайлаубай.

«Ұлттық мүдде» диалог ала­ңын­да өзге де сарапшылар пікірлерін білдірді. 

Соңғы жаңалықтар

Хандарды қашап сомдаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:40