Ата заң • 02 Ақпан, 2026

Қазақстан Халық партиясының фракциясы елдегі конституциялық реформаны қолдады

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Халық партиясы депутаттық фракциясының отырысында жаңа Конституция жобасы талқыланды. Жиын барысында депутаттар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұны мен елдің саяси-құқықтық дамуына ықпалы жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Халық партиясының фракциясы елдегі конституциялық реформаны қолдады

Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар азаматтардың ел тағдырына белсенді араласуына серпін бергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер қоғамды шешім қабылдау үдерістеріне кеңінен тартуға бағытталған.

«Конституциялық реформаның бастауы – Президенттің 2025 жылғы Жолдауында жариялаған бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасы болды. Осыған байланысты Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылып, ол 6 ай бойы жұмыс істеді. Жұмыс тобына Парламент реформасы бойынша 600 ұсыныс, Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде 1 600-ден астам ұсыныс түсті. Азаматтардың айқын сұранысын ескере отырып, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Конституциялық реформа жүргізуді ұсынды. Осы мақсатта Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына еліміздің барлық өңірлерінен және түрлі кәсіби салалардан 130 адам кірді. Комиссияға 2 000-нан астам ұсыныс келіп түсті. Олар зерделеніп, жинақталып, 30 қаңтарда жаңа Конституция жобасы ұсынылды. Қазір бұл құжат қоғамда кеңінен талқыланып жатыр», деді М.Магеррамов.

Адами капитал – мемлекеттің басты байлығы: AMANAT фракциясы Жаңа Конституция жобасын талқылады

Жаңа Конституция жобасы Ұлттық құрылтайдың өкілеттігін кеңейтуді көздейді әрі жаңа жоғары консультативтік орган – Халық кеңесін құруды ұсынады. Бұл органға Конституцияда жеке бөлім арналып, оның қызметі арнайы конституциялық заңмен реттелмек. Сонымен қатар құжатта Қазақстан Республикасының Вице-президенті институтын енгізу қарастырылған. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы биылғы 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында көтерген болатын айтқан еді.

«Вице-президент институтын енгізу билік транзиті кезіндегі жүйелік тәуекелдерді төмендетеді. Мемлекет биліктің сабақтастығын қамтамасыз ететін, алдын ала айқындалған тетікке ие болады. Бұл – шұғыл саяси импровизацияларға жол бермейтін шешім. Қазақстан Халық партиясының фракциясы елде жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаны толық қолдайды», деп мәлімдеді фракция жетекшісі.

«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата заң жобасын бірауыздан қолдады

Отырыс барысында депутаттар да өз көзқарастарын білдірді. Ирина Смирнова жаңа Негізгі заңның преамбуласына ерекше тоқталып, оны «жаңа Конституцияның компасы» деп атады.

Асылбек Нұралин жаңа Конституцияда еңбек ету құқығының нақты бекітілуі Халық партиясының сайлауалды бағдарламасымен толық үндесетінін атап өтті.

Сейтжан Кенжегүл мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы саясатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құндылықтық негізі ретінде қолдайтынын жеткізді.

Ал Ислам Сұңқар жаңа Конституция елдің ғылыми және инновациялық дамуына мүлде жаңа бағдар беретінін айтты.

Фракция мүшелері жаңа Конституция Қазақстанның берік іргетасына айналып, соның негізінде азаматтардың кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтары нығаятынына сенімді. Сонымен бірге бұл құжат халықтың ел ісіне нақты әрі тиімді түрде қатысуына кең мүмкіндік ашады деп есептейді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Ата заңның жаңа жобасын талқылады

Соңғы жаңалықтар