Күй шалқыған қоңыр кеш
Аты аңызға айналған күйшінің шөбересі Төлеген Қуанышов бұл күннің ерекшелігіне тоқталды.
«Әулетіміз үшін бүгін өзгеше күн. Халық әртісі, «күй анасы» атанған Дина шешеміз осыдан 71 жыл бұрын, 1955 жылы 31 қаңтарда дүниеден озған. Осы кештің басталар алдында күйші Дина көшесінде орналасқан анамыздың ескерткішіне ұрпақтары атынан гүл шоқтарын қойдық. Елорда әкімдігі жанындағы Е.Рахмадиев атындағы филармонияның ұлт аспаптар оркестрі осы еске алу кешін ұйымдастырып отыр, анамыздың шығармашылығын алдағы уақытта да насихаттауына тілекшіміз», деді Төлеген Шаңғытбайұлы.
Күй кеші аталған филармонияның ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» шығармасымен ашылды. Кеш барысында оркестр Д.Нұрпейісованың «Кербез», «16-шы жыл», «8 Март», «Жеңіс», «Қазақстанға 30 жыл», «Науысқы», «Әсемқоңыр» күйлерін және Түркештің «Байжұма», Құрманғазының «Қайран шешем», «Сарыарқа» күйлерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оркестрдің сүйемелдеуімен орындалған аталған шығармаларға Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айтқали Жайымов пен Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік етті.
Ұлы композитордың күйлері жекелей де орындалды. Атап айтқанда, Мұхит Салыбеков «Шынар», мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова «Домалатпай», республикалық байқаулардың лауреаты Сағи Баймұхат «Ана бұйрығы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Байжұма», республикалық байқаулардың лауреаты Дарын Құдайберген «Жігер», Айтолқын Тоқтаған «Жаңа бозшолақ» күйлерін нақышына келтіре орындап, күйсүйер қауымды ұлы өнермен сусындатты. Осы тұста айта кетейік, Phd доктор Айтолқын Тоқтағанның жуырда Дина Нұрпейісова туралы монографиясы жарық көрді.
Сонымен қоса республикалық байқаулардың лауреаты Айым Бекбаева айтулы кеште Дина Нұрпейісоваға арнап жазылған Айтқали Жайымовтың «Күй ана» шығармасын орындаса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев Д.Нұрпейісованың «Бұлбұл» және «Қара қасқа ат» күйлерін тыңдарман қауыммен тағы бір мәрте қауыштырды.
Әр туындысы – қазына
«Дина Нұрпейісова Құрманғазы Сағырбайұлының қолынан күй үйренген бірегей күйші. Алматы сахнасында Құрманғазының күйлерін алғашқы насихаттаушы. XIX ғасырда өмір сүрген халық композиторларының күйлерін бірден-бір жеткізушісі.
Дина апамыздың үнтаспаға жазылған күйлерін Қаршыға Ахмедияровқа әкеп берген Сағым Жалмышев деген домбырашы. Бірқатар шығармасын күйші Уақап Қабиғожин жеткізген. Сағым Жалмышевтың қасында 10 жыл жүрдім. Көптеген шығарманы үнтаспаға жазған ол кісінің дыбыс салу мәнері, орындауындағы техникалық шеберлігі қайталанбайды. Дина Нұрпейісова өз алдына бір мектеп. Қазақ қыздарының арасында есімі алтын әріппен жазылған алғашқы күйші» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Тұрар Әліпбаев.
Кеш соңында сөз алған Қазақстанның Халық әртісі, профессор Айтқали Жайымовтың айтуынша, күйді 3 мың көрермен сыятын залда тыңдау бір бөлек, жақынырақ отырып тыңдаған тіптен әсерлі. Ал филармонияның камералық залында сахна мен көрермендер аралығы өте жақын.
«Күйді киіз үйде тыңдаған халықпыз ғой. Сондықтан осылай жақынырақ отырып құлақ тосқан өте жақсы. Дина анамыздың өзі де кілемге отырып, жанына жастық қойып тартқан ғой домбыраны. Құрылымы өзгеше болғандықтан, домбыраны малдас құрып отырып шерткен. Күй тартқанда домбырашының қолы бос болу керек, ал орындықта отырғанда орындаушыға оңай емес. Келешекте баяғы қазақы дәстүрдегідей кеш өткізсек деген ойымыз бар», деді Айтқали Жайымов.
К.Байсейітова атындағы Өнер университеті домбыра кафедрасының профессоры Айтжан Тоқтағанның айтуынша, Дина Нұрпейісованың бір ерекшелігі – импровизаторлығы.
«Куә болған үлкен кісілер Дина шешеміз бір күйді екінші күні басқаша құбылтып, ал үшінші күні тағы басқа нұсқасын тартады екен. Бұл дегеніміз – төгіліп жатқан ішкі байлықтың молдығы ғой», деді ол.
Айтуынша, Динаның өз жанынан шығарған күйлерін домбырашылар жақсы орындап жүр, алайда мазмұны байи түссе, нұр үстіне нұр. Дина Нұрпейісованың «Домалатпай» күйі дөңгеленген дүниені, яғни «бәрі қозғалыста» деген көшпелі дүниетанымды бейнелеген. Дина анамыздың музыкалық мұрасы өте бай, күйлері терең ой мен нәзік сезімге толы. Ұлы күйшінің әрбір туындысы – ұлт руханиятының мәңгілік мұрасы, алтын қазынасы.