Экономика • Кеше

Қаңтардағы инфляция 12,2%: Жанармай бағасы өсіп жатыр

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде 12,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың желтоқсанымен (12,3%) салыстырғанда сәл төмендеген. Алайда айлық динамикада баға өсімі жеделдеп, 1%-ға жетті, деп жазады Egemen.kz.

Қаңтардағы инфляция 12,2%: Жанармай бағасы өсіп жатыр

Азық-түлік: Баға өсімі баяулады, бірақ қысым жоғары

Жылдық есепте азық-түлік бағасы 12,9%-ға өсті, ал желтоқсанда бұл көрсеткіш 13,5% болған. Жалпы инфляцияға қосқан үлесі 5,4%-ды құрады.

  • Ет пен құс еті бір жылда 23%-ға қымбаттап, ең жоғары өсім тіркелді.
  • Шұжық өнімдерінің бағасы 19%-ға, алкогольсіз сусындар 16,8%-ға артты.
  • Көкөніс бағасы 2,7%-ға төмендеп, азық-түлік себетіндегі жалпы өсімді ішінара тежеді.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – ортақ міндет

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы жылдық мәнде 11,7%-ға өсті. Бұл желтоқсандағы 11,1%-дан жоғары. Ақылы қызметтер құны 12%-ға қымбаттап, алдыңғы айдағы деңгейін сақтады.

Негізгі өсім тұрғын үй-коммуналдық сектор мен тұрғын үйді жалға алу нарығына тиесілі:

  • Баллондағы сұйытылған газ бағасы − 24,7%;
  • Су бұру қызметі − 18,7%;
  • Тұрғын үйді жалға алу ақысы − 12,3%;
  • Бензин − 16,8 пайыз;
  • Суық су тарифі −12,9%-ға төмендегенімен, бұл жалпы төлемдер өсімін өтей алмады.

Айлық көрсеткіштер қаңтардағы инфляцияның бұрынғы жылдардан өзгеше екенін көрсетті. Бір айда азық-түлік бағасы 0,8%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,2%-ға, ақылы қызметтер 1,1%-ға өсті. Алдыңғы жылдары қаңтарда баға өсімін көбіне азық-түлік айқындаса, биыл қысым өнеркәсіп тауарлары, жанармай және қызмет көрсету саласына ауысты. Бұл инфляциялық үдерістердің құрылымы күрделеніп, тұрақты сипат алып бара жатқанын білдіреді.

Азық-түлік бағасы неге арзандамай тұр?

Экономист Руслан Сұлтанов жылдық инфляция бәсеңдегенімен, айлық өсімнің неге жеделдегенін түсіндірді.

«Бұл жерде 2025 жылдың соңындағы база әсері бар және қызмет көрсету саласында жылдық есепте салқындау жалғасып келеді. Ал қаңтар айында күнтізбелік қайта есептеулер мен индексациялар жүреді, соның салдарынан азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен сервистік сегментте айлық өсім байқалады», деді сарапшы.

Оның айтуынша, айлық инфляцияға негізгі үлесті азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер қосты.

«Бұл – жылдың басындағы баға түзетулері. Ал азық-түлік бағасы айтарлықтай шоксыз, қалыпты өсті. Жылдық кескінде қысым әлі де азық-түлік пен көлік тарапынан болып отыр, оны кейбір коммуналдық қызметтердің арзандауы ғана ішінара жұмсартып отыр», деп нақтылады ол.

Соңғы жаңалықтар