Саясат • Кеше

Отандық тауарлар Моңғолияға экспортталады

10 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығы­мен палатаның жалпы отырысы өтті. Комитеттер психологиялық қызмет туралы, Қазақстан Респуб­ликасының арнаулы мемлекеттік орган­дары­ның қызметі мәселелері бойынша ілеспе түзетулері бар, Қазақ­стан мен Аустрия үкіметтері арасындағы заңсыз жүрген адам­дарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келі­сім­ді ра­ти­фикациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Отандық тауарлар Моңғолияға экспортталады

Сауда байланыстары нығаяды

Мәжіліс ЕАЭО мен Ұлан-Батыр арасындағы уақытша сау­да ке­лісімін ратификациялады. Келісімге сай, Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Моңғолия арасында сауда байланыстары нығаймақ. Әсіресе отандық тауарлардың Моң­­ғолия нарығына кедендік баж салы­ғынсыз шығуына жол ашыл­­ды.

– Келісім ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Сондай-ақ келісім 3 жылға жасалады және тағы 3 жылға автоматты түрде ұзар­тылады. Құжат техникалық, соны­­мен қатар санитарлық, фито­сани­тарлық, кедендік ынты­мақтастық, ішкі нарықты қорғау шаралары сияқты басқа да сауда мәселелерін қамтиды, – деді Мәжілістің жалпы отырысында Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанель Кушукова.

Үкімет мәліметіне сәйкес, Моңғолиямен келісім аясында бизнес кедендік әкелу баждарының төмендетілген мөлшерлемелері бойынша немесе бажсыз (оның ішінде тарифтік квоталар аясында) дәнді дақылдар, құс еті, сүт өнімдері, бал, өсімдік майлары, қант, шоколадты-кондитерлік өнім­дер, нан-тоқаш өндірісі өнім­дері, сулар, шырындар, джем­дер, алкогольдік сусындар мен темекі өнімдері және тағы басқа­ларын экспортқа шығара алады. Сон­дай-ақ металлургия өнім­дері, трансфор­ма­торлар, көлік құралдары, химия өнеркәсібі өнімдері және өзге өнімдерді жеткізуге рұқсат.

Бұған қоса, Ж.Кушукованың айтуынша, аталған келісім теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Республикалық бюджеттен де қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.

Бала бағатын әкелердің «уақыты» есепке алынады

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлер­дің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Аталған заңға түзетулер өткен жылдың 19 қазанында бірінші оқылымда енгі­зіліп, келісілген еді.

Заңға сәйкес, ұжымдық келісімшартқа жұмыс барысында орын алған апаттар жағдайлары мен жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынады, ал басшы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.

– Құжат аясында қаралатын мәселелер аясының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заң жобасының тақырыбын «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіп­сіз еңбек жағдайларын жетіл­діру, жұмыскерлердің еңбек құқық­тарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» деп өзгер­ту жөнінде ұсыныс енгізді, – деді депутат Ерлан Саиров.

Сонымен қатар қабылданған заң аясында кәмелет жасына тол­маған балаларға нақты күтім жа­саған уақыт енді жұмыс істе­мейтін әкелердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептеледі. Тиісті нақтылаулар Конституциялық соттың норма­тивтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекс­ке енгізіледі. Сонымен қатар де­путаттардың ұсынысымен, жұ­мыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарға (жынысына қарамастан) қатысты еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланыс­­ты «жалғызбасты аналар» ұғы­мы «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі. Бұдан бөлек, мәслихаттардың құзыреті типтік ережелер негізінде «Облыс­тың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағи­даларын әзірлеу және бекіту бойынша толықтырылады.

– Заңда Келісу комиссиясы­ның қызметіне делдалды тартуға, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін ара-қатынас туралы ережені белгілеуге қатысты, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағида­ларын бекіту бойынша құзырет­тер енгізілді, – деді депутат Ерлан Саиров. 

«Шығыс медицинасы» қауіп төндіріп тұр

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Астана қаласынан және басқа да өңірлерден «Шығыс медицинасы», «қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсе­те­тін орталықтарға азаматтардан көптеп шағым түсетінін мәлімдеп, Үкіметке сауал жолдады. Оның айтуынша, кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып отыр.

– Әсіресе тегі-тамыры белгі­сіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша ем­деу орталығын жауып, «аң­қау елге – арамза молда» дегендей, қалтасын қампайтып алып, кетіп қалатындар да кездеседі. Бұл жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретіп отыр, – деді депутат.

Осыған байланысты А.Әлтай инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшей­туді, шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы міндетті түрде ашық көрсетуді, тіркелмеген препараттар мен онлайн-жарнаманы ведомствоаралық бақылауды күшейтуді ұсынды.

Ауыл халқының табыс көзі қысқармақ

Ал депутат Гүлдара Нұрым ауыл халқы үшін ақылы қоғамдық жұмыстар мыңдаған отбасы­ның күнкөріс көзі, таңғы асын, бала­сының киімін, қыстық отынын қамтамасыз етіп отырған нақты табыс көзі, сондықтан уақытша жұмысты қысқартуға болмайтынын Үкімет назарына жеткізді. Айта кетсек, бұған дейін ақылы қоғамдық жұмыстарды қысқарту туралы сөз қозғалған еді.

Депутаттың мәлімдеуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №395 бұйрығы «жалақысы аз адамдар саны қысқарады» деп бағалануы мүм­кін. Алайда бұл ауылдағы жұмыс­сыздардың саны көбейеді деген сөз. Өйткені шалғай ауылдарда тұрақты жұмыс орындары пайда болып жатқан жоқ. Қыс­қарып жатқан – ауылға бөліне­тін квота. Ал квота қысқарса, ауыл адамының қолындағы соң­ғы мүм­кіндік те жойылатыны түсінікті.

– Ауылдық жерлерде көптеген отбасылар ақылы қоғамдық жұ­мысқа қарап отыр. Себебі басқа амал жоқ. Зауыт жоқ, фаб­рика жоқ, кәсіпорын жоқ. Тұрақ­ты жұ­мыс болмаған соң халық әкімдік­тің табалдырығын тоздырады. Ал әкімдіктің ұсына алатыны – уақытша қоғамдық жұмыс қана. Енді сол уақытша жұмыстың өзін қысқартсақ, ол адамдар қайда барады? Баласын қалай асырайды? Қыс­қы отынды қайдан алады? Қазір­дің өзінде ауыл босап жатыр. Жастар қалаға кетіп жатыр. Бұл – сән емес, амалсыз қадам. Ал жұмыс­сыздық күшейсе, бұл үдеріс тіпті үдейді. Бұл – әлеуметтік наразы­лыққа, ішкі көші-қонның күшеюі­не, кедейшіліктің тереңдеуіне апаратын жол, – деді депутат.

Г.Нұрым аталған бұйрық­тың қазіргі редакциясы биылдан бастап халықтың елеулі бөлігін жұмыссыз қалдыру қаупін тудырып отырғанын айтады.

– Бұл – жай болжам емес, өңір­лерді аралап жүрген адам үшін көзге көрініп тұрған шын­дық. Халықпен кездескенде адам­дар­дың көзіндегі үміт пен үрейді көріп жүрмін. Сондықтан бұл мәсе­лені кейінге қалдыруға, «есеп­ке сыймайды» деп ысырып тастауға болмайды. Ресми дерекке сүйенсек, елімізде еңбекке қабі­летті халық саны 9,7 миллионнан асады, соның ішінде 450 мыңға жуық азамат жұмыссыз. Бұл – тек тір­­келгені. Бұл – тек Үкіметтің есебі ғана. Ал ауылдағы бейресми жұ­­мыс­­сыздықты есептесек, жағ­­­дай­­дың қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінеміз, – деп депу­тат ауылдың жанайқайын жеткізді.

Сондай-ақ депутат Ерболат Саурықов ауылдарда тұрғын үй тапшы дейді. Оның айтуынша, халықпен кездесуде ауыл халқы, әсіресе жастар мен жас отбасылар, «үй болса, ауылда қалар едік», «тұратын баспана жоқ болғандықтан қалаға көшуге мәжбүрміз» деген уәждерін ашық айтып, мәселе көтерген.

– Бұл мәселе ауылдан жас­тар­дың жаппай көшуіне, кадр тап­шылығы мен ауылдық аумақ­­тардың әлеуметтік-эконо­микалық әлсіреуіне әсер етіп отыр. Ауылдық аумақтарды дамы­тудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгенімен, тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталған мақсатты бағдарламалар ауылды сақтап отыр, – деді Е.Саурықов.

Осыған орай, ауылдардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, ауылдық елді мекен­дер­дің бірыңғай картасын әзірлеу қажет дейді депутат. Бұл карта әр ауылдың даму бағытын айқын­дауға, тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік қолдау шараларын дәл жос­парлауға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ ауылда жұмыс істеп, сол жерде үй салып, тұрмысын жақ­сарт­қысы келетін жастар мен жас отбасыларды қолдауға арнал­ған «Туған жер, туған ел, өз ауылым» секілді арнайы жобаларды енгізу қажет. 

Оқушылар демалысы тасада қалып жатыр

Депутат Нұргүл Тау елімізде жыл сайын жаз айларында ғана көтері­ліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәсе­ленің бірі балалар лагерьлерінің саны қысқарып, қауіпсіздігі сын көтермей тұрғанына тоқталды. Депутат келтірген мәліметке сәйкес, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында елімізде 500-ге жуық балалар лагері болған, ал бүгін­гі күні олардың саны екі жарым есеге азайған. Елі­міз­де жалпы балалардың саны 7 млн-ға жуық, мектеп жасын­дағы балалар саны 4 млн-нан асып отыр.

– Сұранысқа сәйкес жеке­меншік сектор заман талабына сай, бала демалысына қолайылы етіп, өз жер телімдеріне қала сыртындағы лагерьлер салып жатыр. Алайда олардың жұмысы жүйелі түрде заңдастырылып, бизнес субъектілерінің құқығы қорғалмайды, сондай-ақ мемлекет тарапынан лайықты қол­дау таппай, бұл сала кенже­леп қалып отыр. Сол себепті нарыққа пайда көздеген кә­сіп­­­керлер ғана еніп, мате­риал­дық-техникалық базасы өте төмен, мамандарының кәсі­би құра­мы сай келмейтін балалар лагерьлерін ашып, төмен сапа­дағы қызмет көрсетіліп жатыр. Бұл жағдайлар жекеменшік бала­­­лар лагерьлерін бақылау мен лицен­зия­лау жүйесінің жоқтығы мемле­кеттік саясаттағы олқылық екенін көрсетеді. Ли­цен­­зиялау өткен жылдан бастап енгізілуге тиіс еді, алай­да кейін бұл талап биылға шеге­ріл­ген, – деп дабыл қақты депутат.

Депутат Самат Нұртаза да балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр.

Осыған сәйкес, депутат Үкімет­ке білім беру меке­ме­ле­рі­нің қауіп­сіздігін қам­­та­ма­сыз етудің бірыңғай стандартын әзірлеп, енгізуді ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар