Анастасия 2005 жылы Өскеменде дүниеге келді. Бес жасынан фристайл-могулға қызығып, жергілікті жаттықтырушы Виктор Рейхердтің қол астында жаттықты. Балауса шағынан дара талантымен оқшауланып, өз қатарының алды болды. Елішілік жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгеннен кейін халықаралық додаларға қатысты. Бұл ретте де өзін жақсы қырынан көрсетті. 2021 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 16 жасқа да толмаған өрімдей қыз өзінен әлдеқайда тәжірибелі қарсыластарын қапы қалдырып, қола медальды мойнында жарқыратты. Келесі жылы Бейжің Олимпиадасында бақ сынады. Сол маусымда жерлесіміз Италиядағы жастар арасында өткен әлем біріншілігінде могул мен параллель могулды қоса алғанда 1 алтын, 2 күмісті қоржынға салды.
Апеннин түбегінен оралғаннан кейін Анастасия өзінің туған өлкесі – Шығыс Қазақстан облысы аумағында жол апатына түсті. Мотоцикл тізгіндеген жас қара жолдың бойында жеңіл көлікпен соқтығысып, ауыр жарақат алды. Оған екі операция жасалды. Бірі – елімізде, екіншісі – Германияда. Жағдайы оңалғаннан кейін Городко сүйікті ісімен қайта айналысып, түрлі жарыста бой көрсетті. Кенді Алтайдың аруы жастардың дүниежүзілік додасында бір емес, бірнеше мәрте топ жарды. Одан бөлек, күміс медальды да иеленді.
Өткен жыл Анастасияға аса табысты болды. Әуелі ол Швейцарияның Энгадинінде шымылдығы түрілген әйелдердің әлем чемпионатында қолаға қол созса, Италияның Туринінде алау тұтанған Дүниежүзілік универсиадада екі мәрте алтын тұғырдан қол бұлғады. Сондай-ақ отандасымыз Әлем кубогінің екі кезеңінде қарсылас шыдатпай, бас жүлдені олжалады. Енді біз уақыт озған сайын шеберлік деңгейі өсіп келе жатқан Анастасиядан Олимпиадада да жүлде күтеміз.