Сурет: iz.ru
Президент бұл өзгерістерді жүзеге асыруда салмақтылық, кәсібилік, кең қоғамдық талқылау, ұзақмерзімді ұлттық мүдделерге бағдарлану маңызды екенін жеткізді. Іс жүзінде мәселе тек институционалдық қайта құруда ғана емес, ең алдымен заң шығармашылығының негізінде жатқан ойлау тәсілін өзгертуді талап ететін қоғамдық сұраныста. Осы тұрғыда Абайдың «Бірлік малда емес, ақылда» деген сөзі жүргізіліп жатқан реформа үшін тікелей әдіснамалық бағдар бола алады.
Қоғамдық санада әлі де алдымен заң қабылданса, содан кейін ғана оң өзгерістер болады деген көзқарас қалыптасқан. Алайда реформаларды іске асыру тәжірибесі мен қазіргі заманғы ойлау тәсілі бұл ұстанымның жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Шын мәнінде, заң – бастау нүктесі емес, ол белгілі бір ойлау парадигмасының, қоғамдағы құндылықтар, ұғымдар мен категорияларды қалай түсінетініміздің нәтижесі.
Кез келген қоғамдық маңызы бар қызмет үш негізгі функционалдық позицияны қамтитын тұтас әлеуметтік бірлік. Яғни мүдделерді, мақсатты, болашақтың бейнесін айқындайтын тапсырыс беруші, нормаларды, шешімдерді қабылдап, субъектілердің өзара іс-қимылын ұйымдастыратын басқарушы, қабылданған нормалар мен шешімдерді іске асыратын орындаушы орта.
Бұл үштіктегі негізгі рөл тапсырыс берушіге тиесілі. Себебі дәл осы деңгейде қызметтің мәні мен мағынасы айқындалады. Тапсырыс беруші «қызмет не үшін жүзеге асырылады?», «оның түпкі мақсаты қандай?», «бұл әрекеттер қоғамды қандай болашаққа жетелейді?» деген іргелі сұрақтарға жауап береді. Позиция айқындалмаған жағдайда басқару имитацияға, ал заң шығару формалдылыққа айналады.
Президент өз сөздерінде «еститін мемлекет», «әділетті мемлекет» және кәсіби Парламент туралы айта отырып, билік жүйесінде қоғамдық тапсырыс беруші позициясын нығайту қажет екенін көрсетеді. Бүгінде қоғам әлеуметтік тапсырысты қалыптастырудың және стратегиялық мақсат қоюдың субъектісінен гөрі, көбіне реттеу объектісі ретінде көрінеді. Сондықтан азаматтарды қоғамдық талқылауларға кеңінен тартуға, аналитиктер мен сарапшыларды жұмылдыруға, кері байланыстың цифрлық платформаларын пайдалануға ерекше мән беру қажет. Бұл ретте сөз формалды демократия емес, қоғамдық өзгерістердің бастапқы логикасын қалпына келтіру туралы болып отыр. Яғни қозғалыс заңнан әлеуметтік тапсырысқа емес, саналы қоғамдық тапсырыстан заңға қарай жүруге тиіс. Мұндай қоғамды Абай «көкірегі тірі қоғам» – тірі санаға, ақыл мен ар-ожданға ие қоғам деп атаған.
Ұлы ақын алтыншы қара сөзінде пайдаға, қорқыныш пен тәуелділікке құрылған жалған бірлікті сынға алып, қоғамда ішкі мазмұнсыз бірігудің қауіпті екенін ескертеді. Оның пайымынша, шынайы бірлік – ақылдағы бірлік, яки ортақ жауапкершілікке, адал еңбекке және үздіксіз дамуға негізделген саналы тұтастық. Бүгін де бұл идея өзекті. Мемлекеттік өлшемде ортақ әлеуметтік ойлау парадигмасы қалыптаспайынша, ешбір реформа нақты нәтиже бермейді. Қабылданған заңдар мазмұнын жоғалтады. Ал азаматтардың санасы сергек, белсенді болмаса, мемлекеттік институттар тек формалды құрылым ретінде ғана қалады. Осы ретте қоғамдық ойлау жүйесін құра алатын әдіснамашылардың рөлі арта түседі. Өйткені олар реформалардың идеялық негізін қалыптастырып, әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруда логикасын жүйелейді.
Қоғам алдында есеп беретін құқықтық мемлекетті қалыптастырудың басты шарты – азаматтық сананың орнығуы, бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігінің артуы. Осыған байланысты отандық әдіснамашылар Ата заңды және басқа да нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге арналған әлеуметтік тапсырыстың мынадай қағидаларын ұсынды:
1) елдің ең жоғары құндылығы – жер, жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және адам – мемлекеттің басты стратегиялық әлеуеті, дамудың бастапқы әрі түпкі бағдарлары;
2) мемлекеттік басқару субъектілері: а) өз қызметінде диалектикалық өзгерістердің объективті әдістерін, функционалдық-символдық бейнелердің ойша тілін және функционалдық, жүйелі тәсілді қолдануға; б) қызметтің негізгі субъектілерінің типтік қиындықтары банкін, инновациялар банкін және жаңашылдар банкін құруға; в) алдын ала апробациядан өткен, ашық функционалдық қызмет және өзара іс-қимыл модельдері қоса берілген нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге және рәсімдеуге; г) нормативтік-құқықтық актілердің іске асырылуын тексерудің (верификацияның) қағидаларын басшылыққа алуға тиіс.
Елімізде азаматтық қоғамның қалыптасу үдерісі әлі аяқталған жоқ. Жергілікті не орталық билік органдарына депутаттарды таңдаудың бірыңғай функционалдық критерийлері әлі қалыптаспаған. Көбіне сайлаушыларда бытыраңқы жеке және топтық мүдделер, субъективті көзқарас басым. Кәсіби емес сайлаушылар, негізінен, кәсіби депутаттарды таңдай алмайды. Осыған байланысты қазіргі тарихи кезеңде депутаттарды сайлауды екі кезеңмен өткізу ұсынылады. Бірінші, кандидаттарды жоғары аналитикалық және басқарушылық кәсібилік критерийлері бойынша алдын ала іріктеу. Екіншісі, іріктелген кандидаттардың өкілді билік органдарына депутат болып сайлануына дәстүрлі сайлау арқылы қатысуы.
Сондай-ақ депутаттыққа кандидаттарды алдын ала іріктеу функцияларын жоғары білікті кәсіби әдіснамашылар тобына (жүйелі аналитиктерге, ғалымдарға, заңгерлерге, педагогтерге, журналистерге, білікті қоғам қайраткерлеріне) беру; олардың кәсібилігі тиісті сертификаттармен, нақты қызмет нәтижелерімен, кәсіби қауымдастықтардың ұсынымдарымен расталуы міндетті. Оған қоса алдын ала іріктеу тетігі кандидаттардың білімін, пікірталас ұйымдастыру және жүргізу қабілеттерін, жүйелі ойлау мен функционалдық модельдеудің заманауи әдіснамалық құралдарын пайдалана отырып көзқарастарды келісу дағдыларын тексеруді көздеуге тиіс. Іріктеу «Қоғамдық өзгерістер мен елдің инновациялық-технологиялық дамуын модельдеудің әдістері мен модельдері» тақырыбындағы аналитикалық-әзірлемелік семинар циклін өткізу арқылы жүргізу ұсынылады. Онда сыбайлас жемқорлық, инфляция, бағаның өсуі, кәсіби жауапсыздық сияқты түйткілді мәселелерді шешуге қатысты нормашығармашылық қызметтің типтік жағдайлары пысықталады. Ал семинарлар қорытындысында сертификат алған кандидаттар дәстүрлі сайлау арқылы депутаттыққа үміткер болу құқығына ие болады.
Бүгінгі парламенттік реформа – билік құрылымының кезекті өзгерісі емес, бұл бүкіл қоғам үшін тарихи таңдау. Біз «күнкөріс үшін» формалды заң шығаратын ескі сүрлеумен жүре береміз бе, әлде ел болашағын бірге жасайтын тең авторға айналып, кәсіби Парламент халықтың ұжымдық ақыл-ойын тоғыстыратын шынайы билік институты болатын жүйені құрамыз ба?
Валерий ЦОЙ,
Астана қаласы Жүйелік аналитика және модельдеу академиясының директоры