Сурет: kaz.inform.kz
Тарихқа көз жүгіртсек, ел аумағында қалыптасқан мемлекеттілік дәстүрі терең әрі сабақтас эволюциялық жолдан өтті. Ерте түркі қағанаттарынан бастап Қазақ хандығына, одан кейінгі отарлық кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстар мен ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің саяси күресіне дейін егемендік идеясы ұлттың саяси санасының өзегіне айналды. Бұл тәжірибе мен идеялық мұра қазіргі тәуелсіз Қазақстанның саяси-құқықтық дамуына іргетас болып отыр. Демек, бүгінгі реформалар – тарихи жадтан ажыраған кездейсоқ қадам емес, керісінше, ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік ойдың заңды жалғасы.
Заманауи мемлекет жағдайында тәуелсіздік ұғымы тек аумақтық тұтастық пен сыртқы саяси дербестікпен шектелмейді. Ол ең алдымен, тиімді басқару институттарының орнығуын, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара тежемелік жүйенің жұмыс істеуін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты қорғалуын және қоғамдық қатынастардың әділетті құқықтық реттелуін талап етеді. Егер осы қағидаттар жүзеге аспайтын болса, егемендік сыртқы формасын сақтағанымен, ішкі мазмұнынан айырылу қаупіне ұшырайды.
Осы тұрғыдан алғанда, қазір елімізде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды тарихи тәуелсіздік идеясын заманауи құқықтық әрі институционалдық формада орнықтыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалауға болады. Өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жаңғыртуға, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу тетіктерін кеңейтуге, биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Конституциялық жаңғыру еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық мемлекеттіліктің берік негізін қалыптастыруды көздейді. Сондықтан бұл реформалардың мәні, салмағы, жауапкершілігі де айрықша жоғары.
Мемлекет басшысынан бастап, қарапайым азаматқа дейін баршамызды біріктіретін ортақ мұрат – елдің азаттығын баянды ету. Тәуелсіздікті тек сақтап қана қоймай, оны әділетке, заң үстемдігіне, азаматтың қадір-қасиетіне негізделген, болашақ ұрпаққа нық табыстайтын қуатты мемлекет құру арқылы бекемдеу. Ендеше, елдің бүгіні мен ертеңін айқындайтын осынау бетбұрыс кезеңінде ауызбірлігімізді көрсетейік.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының әкімі