Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, салалық бағынысты ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері қатысты. Отырыс барысында министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары сараланып, алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтар айқындалды.
Алқа отырысын ашқан Аида Балаева Негізгі заңға енгізілген ауқымды өзгерістерге ерекше тоқталды. Ол ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері алғаш рет конституциялық деңгейде мемлекеттің іргелі даму қағидаттарының қатарына енгізілгенін атап өтті.
Кездесу барысында министрлік қызметінің барлық бағыты бойынша жаңа тәсілдер мен заманауи даму үрдістері жан-жақты қаралды. Салаларды уақыт талабы мен өзекті сын-қатерлерге сай жүйелі жаңғырту қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесіне негізделген жаңа Конституция жобасы сөз бостандығына кепілдік беретінін, азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғау жөніндегі норма алғаш рет енгізілгені атап өтілді. Осыған байланысты Аида Балаева министрлік пен салалық бағынысты ұйымдардың қызметіне цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша тоқталды. Премьер-министрдің орынбасары саланың бірыңғай әрі кешенді цифрлық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды.
Алқа отырысына қатысушылар мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияны жүйелі қолдау, ақпараттық саясатты жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тиімді іске асыру мәселелерін талқылады.
Жиынды қорытындылаған Аида Балаева әріптестеріне атқарылған нәтижелі жұмыс үшін ризашылығын білдіріп, әр бағытта нақты бастамалар көтеріп, жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды. Үкімет басшысының орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді және қойылған міндеттердің сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.