Шариғат арақ-шарап ішуге қатаң тыйым салады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Мәида» сүресінде былай дейді:
«Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар һәм (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас істерінен. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер!».
Мұхамбет пайғамбар да арақ ішкен жанның қырық күндік намазы қабыл болмайды деген хадисі жеткен.
Діни басқарма хадис тәпсіршісі Имам Науауидің мына сөзін тиянақ қылады. Ол хадистегі «намазы қабыл болмайды» деген сөзді парызы мойнынан түседі, бірақ сауабы жоғалады деп түсіндірген. Өйткені намазды мас күйінде оқуға болмайды.
Соған орай мүфтияттың пәтуа бөлімі былай деп тұжырымдайды:
«Намаз сауабының жоғалуы тәубе етпей, арақ ішуді доғармауына байланысты. Егер шынайы тәубе етсе, бұл жаза (намаздың сауабы жоғалуы) да оның мойнынан түсіріледі. Өйткені шынайы тәубе алдыңғы істеген күнә істі жояды. Осыған орай ораза ұстаушы Рамазан айынан екі күн бұрын арақ ішіп, соңынан шынайы тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Оның оразасы арақ ішпей ораза тұтқан адамның оразасындай болады. Ал ораза ұстап арақ ішуін доғармаса, оразасы дұрыс болады, бірақ сауабы болмайды. Арақ ішкені үшін күнә арқалайды».
Айта кетейік, мұсылман жұртшылығы ақпанның 18-інен 19-ына қараған түні ауыз бекітеді.
Діни басқарманың бекітуімен биылғы жылдың пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 735 теңгені құрады.