Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұханбетқали Кипиевтің дерегіне қарағанда, аталған қорғандардан 1000-ға жуық жәдігер табылыпты. Мәселен, Қарабау-2 қорғанында тоғыз қабір сақталған. Оның ішінде жетеуі тоналмағаны анықталыпты.
«Осы кезге дейін тоналмай жеткен қабірлерден 100-ге жуық алтын мен күмістен, асыл тастан жасалған әшекей бұйымдар, қару-жарақ, қыш пен сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Ал Қарақұдық-1, Қарақұдық-2 қорғандарындағы қабірлерді зерттеу кезінде ақбөкен мен қасқырдың бейнесі бар күміс пиктограмма, алтыннан дайындалған зергерлік бұйымдар, керамикалық және ағаш ыдыстар, тұрмыста қолданылатын әртүрлі зат, қола қазандар, темірден, қоладан жасалған акинак, семсер мен найза секілді қару-жарақтың бөліктері, жебе ұштары шықты», дейді М.Кипиев.

Оның пікірінше, аталған қорғандарда жүргізілген қазба жұмысы кезінде алынған бірнеше жәдігер назар аудартып отыр. Соның бірі – бұлан мүйізінен қашалған құрбандық ыдысы. Мұндай жәдігер ел тарихында сирек кездеседі.
Сондай-ақ таңбаланған қыш ыдыс бояумен қапталыпты. Аң стиліндегі ауыздық сүйектен дайындалыпты. Кейбір жәдігерлер осы кезге дейін еліміздің өзге өңірінен табылмаған. Бұл көне тарихтан сыр шертетін жәдігерлердің құндылығын арттыра түседі.

Мұнайлы өңірдегі тағы бір тарихи мекен – Шошақ аталатын құмды төбе. Мұнда энеолит дәуіріндегі қабірлер сақталған. Аталған төбедегі қабірден біздің заманымызға дейінгі V-IV мыңжылдықтан сыр шертетін 605 жәдігер табылыпты. Оның ішінде тас балтаның бөліктері, кремний пластиналары, өңделген қайыршақ моншақтар коллекциясы мен тас білезіктер бар.
Атырау облысы