Саясат • Кеше

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бейбітшілік кеңесі – көпжақты күш-жігер әлеуетін арттыратын ұйым

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, сөз сөйледі. Айтулы жиын Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бейбітшілік кеңесі – көпжақты күш-жігер әлеуетін арттыратын ұйым

Мемлекет басшысы өз сөзінде саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, осы тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президенті Дональд Трампқа алғыс айтты.

– Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі праг­матикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, бұл – сөз күйінде қалатын қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсат­ты шаралар арқылы ұзақмерзімді бейбітшілік орнатуға үлес қоса­тын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздей­тін айқын мұратыңыз бен көреген қадам­дарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесін көпжақты күш-жігердің әлеуетін арттыратын, заман талабына сай ұйым деп санайды.

– Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл – бұрын-соңды бол­маған бет­бұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасам­­паздық арқылы бейбіт­шілік» атты жаңашыл тұжырым­даманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сон­­дықтан, Президент мырза, Сіздің нақ­ты іс-әрекет қана бей­біт­шілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптай­мын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміз Газа сек­торын­дағы ахуалды тұрақтан­дырып, аймақты қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін жеткізді.

д

– Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құры­лыс жұмыстарына қатысуға ниет­ті. Бұл бағдарлама бойынша инфра­құрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін гу­ма­нитарлық көмек көрсе­ту­ге дайын. Қазақстан палести­на­лық студенттердің универ­си­тет­тері­мізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрон­дық үкімет саласындағы тәжіри­бемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақ­тандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет.

– Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагма­тикалық экономикалық әрі гума­нитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.

Кеңестің жаһандық күн тәртібін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда түрлі деңгейдегі кездесулер өткізу арқы­лы бұл бастамаға нақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

– Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Дональд Трамп өз сөзінде Газадағы тұрақтылықты қамта­ма­сыз етуге және қалпына келті­руге атсалысқаны үшін Бейбіт­шілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді.

АҚШ Президенті Кеңес­ке қатысушы елдердің басшы­ларын таныстыру барысында Қазақ­станды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады.

Дональд Трамп Саммитке келген мемлекеттер басшыларын шешімтал әрекеттері арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, халықаралық диалогті дамытуға елеулі үлес қосқан нағыз жаһандық ауқымдағы көшбасшылар деп атады.

Жоғары деңгейдегі іс-шара барысында Бейбітшілік кеңесінің атқарушы органдарының мүше­лері баяндама жасады. Жиынға қатысушыларға Газа секторын қалпына келтіру, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету және халықаралық қаржыландыру жос­пары таныстырылды.

Жоғарғы атқарушы кеңестің мүшесі Джаред Кушнер Газаны дамытуға арналған бас жоспар туралы мәлімет беріп, аймақ тұрмыс-тіршілікке және эконо­ми­калық өрлеуге қолайлы жағдай жасайтын заманауи кеңістікке айналуға тиіс екенін атап өтті.

Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга Бейбітшілік кеңесі­­нің қаржы механизмдері ашықтыққа және қаржыны нақты мақсаттарға бөлу қағидаттарына негізделетінін жеткізді.

Ал Халықаралық тұрақтан­дыру күштерінің жетекшісі, генерал Джаспер Джефферс Газадағы қа­у­іп­сіздік пен тұрақтылықты қам­та­­ма­сыз ету шаралары жөнінде айтты.

Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің басшысы Али Шаат қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын үйлестіру және ха­лық­аралық серіктестермен ықпал­дастық тәсілдерін ұсынды.

Сонымен қатар жиында АҚШ Вице-президенті Джей Вэнс, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Индонезия Президенті Прабово Субианто, Румыния Президенті Никушор Дан, Албания Премьер-министрі Эди Рама, Мысыр Премьер-министрі Мұстафа Мадбули және басқа да тұлғалар сөз сөйледі.

Соңғы жаңалықтар