Қоғам • Бүгін, 16:22

«Ел жанашыры» төсбелгісін таратқан меценатқа айыппұл салынды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі 20 мыңға жуық қоғамдық ұйым қызметін талдап, тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 2025 жылғы 24 желтоқсанда Алматыдағы Ұлттық кітапханада бірқатар азаматқа Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс», «Батыр Шапағаты», «Ел жанашыры» төсбелгілері, «Алтын адам» жыл сертификаты мен статуэткасы табысталғаны анықталды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған, деп жазады Egemen.kz.

«Ел жанашыры» төсбелгісін таратқан меценатқа айыппұл салынды

Фото: Ашық дереккөз

«Ел жанашыры» төcбелгісін сату және тарату фактісі бойынша Дидар Құйқабаевқа айыппұл салынған. Сондай-ақ қазір «Qazaqstan ardagerleri» заңды тұлғалар бірлестігі 2025 жылғы 25 желтоқсанда табыстаған Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төcбелгісіне геральдикалық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық және ТМД елдерінің тәжірибесін зерделеуге кіріскен. «Қоғамдық бірлестіктер туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін заң жобасын әзірлеп, пысықтап жатыр. Ондағы нормалар қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық қорлардың, басқа да үкіметтік емес ұйымдардың наградаларына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталмақ. Заң қабылданған жағдайда қоғамдық бірлестіктер еліміздің және шетел азаматтарын қоғамдық ұйымдарға сіңірген еңбектері үшін ғана өздерінің наградаларымен марапаттауға құқылы болады.

Қырғызстан билігі экс-президент Атамбаевты мемлекеттік наградаларынан айырды

«Бұдан бөлек елімізде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларының ақпараттық жүйесі» платформасы жұмыс істейді. Сондай-ақ әскери, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау және орталық атқарушы органдардың ведомстволық наградаларын есепке алу және саланы жүйелеу мақсатында Президент Іс басқармасымен бірлесе отырып, «Ведомстволық наградалардың ақпараттық жүйесі» платформасы жасалды. Ақпараттық жүйеде әрбір мемлекеттік органның өзіне тиесілі медальдары мен төсбелгілерінің жалпы саны, табысталған адамдар және оларды беру негіздемелері туралы ақпараттар, ведомстволық наградаларды табыстау жөніндегі комиссия туралы мәліметтер қамтылады», делінген Серік Жұманғариннің жауабында.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай беймәлім ұйымдардың оңды-солды медаль, орден табыстап жатқанын айтып, мәселе көтерген еді. 

Соңғы жаңалықтар