Сурет: ernur.kz
Премьер-министрдің орынбасары Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Азаматтардың жағдайы мен елдің тұрақты дамуы жаңа Конституция жобасының негізгі өзегіне айналғаны айтылды.
Отырыста мәлім етілген басты мәселенің бірі халықты жұмыспен қамту жайы болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 2,9 млн сапалы жұмыс орны сақталды. 2026 жылы өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 547,7 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Жиында жұмыс орнындағы адам қауіпсіздігі мен қорғалуы да қаралды. «Цифрландыру жағдайында ыңғайлы әрі түсінікті коммуникация құралдарын енгізу маңызды», деп атап өтті А.Балаева.
Сонымен қатар тараптардың кепілдіктерін, құқықтары мен міндеттерін айқындайтын еңбек шартын әзірлеу тапсырылды. Министрліктің басым міндеттерінің бірі – мүгедек жандарды кешенді әлеуметтік қорғау. Оларды жұмыспен қамту тәсілдерін жетілдіру, техникалық қажет құралдарымен қамтамасыз ету, инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін арттыру мәселелері өзекті екені айтылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды дамыту мен әлеуметтендіруге ерекше назар аударылды.
Мүгедектікті тағайындау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіруді тапсырды. Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында министрлік алдында әлеуметтік-еңбек саласын технологиялық тұрғыда жаңғырту жөнінде ауқымды міндет тұрғаны сөз етілді.
Отырыста министр Асқарбек Ертаев баяндама жасап, сала жұмысының нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі.