Біріншіден, қалың жұртшылық мемлекеттің сапалы өзгерісіне мүдделі болды. Ол нақты іспен және дәйекті заңмен орындалары сөзсіз. Әлемдік тәжірибеде Конституциялық реформа мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас моделін трансформациялау үшін жүргізіледі. Бұл мемлекеттік институттарды, заң жүйесін жетілдіру арқылы жүзеге асады.
Екіншіден, тәуелсіздіктен кейін отыз жылдан астам уақытты артқа тастаған қоғам идеологиялық бағдар мен тарихи танымда елеулі үзік барын жиі айтатын. Тіпті БАҚ жүзінде, ғылыми зерттеулерде кейде ащы, кейде тұщы сын байқалатын. Саяси жаңару осыны да орайымен түзеп, сабақтастық арқауын жалғап келеді.
Үшіншіден, заңның өзіне заңдық қағидатпен қарайтын уақыт туды. Мысалы, қорғансызды қорғайтын адвокатура жүйесін жетілдіру, түрлі қаржылық қиындық тұсында тұрғын үй иесі құқын аяққа таптатпау, цифрлық дербес деректерге қол сұққызбау т.б. мәселені шешу де өзекті-тін. Осының бәрі Конституцияның мазмұндық мәні мен құрылымын қайта қарауды күн тәртібіне шығарды.
Ұлтқа қадірлі Шәкәрім Құдайбердіұлы заң мен елдік дәстүрді тең ұстауды «Қазақтың қазылған қара жолы» деп бағалапты. Ақын діни сауатты әрі қайраткер болғаны мәлім. Би мен билік туралы еңбегінде ол елдікті, имандылықты бекітетін жосықтар «тастай қатып қалмауын, әр заманның ыңғайына қарай лайықталуын» ескертеді.
Елдік заңға байланысты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы пікірі де айрықша. Ақаң: «Зәкүн шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін жақсы білу керек» дейді. Мұны бір деңіз. Алаш тұлғасы аса күрделі ХХ ғасыр басында ұлтты ұйыстыратын «Қазақ қағидасы» деген заңдар жинағын әзірлеуді ұсыныпты. «Қазақ қағидасын жинау оңай емес. Бірақ ниет болса, қолдан келерлік жұмыс. Әр жерден... бір жерге жиыла берсе, жиылып болған соң, қағида, шариғат, низам білетұғын адамдар бас қосып, жиылған нәрсені қарап, қолайлысын алып, қолайсызын қалдырып, ... «Қазақ қағидасы» деп шығарса», деп жазады ағартушы.
Ойлана қарасақ, бүгінгі Ата заң жобасы – жоғары деңгейдегі заңдық құжат қана емес, ел тарихы мен тағдыры, қоғам парасаты мен сенімі қайнауынан шыққан жауапкершілік жүгі. Оның өзегінде «Біз Қазақстанды қай бағытта дамытпақпыз?» деген сұраққа жауап тұр. Тарихымыздың тұрлаулы негіздеріне табан тіреп, зияткер, зайырлы қалыппен мәдениет, білім, ғылым құндылықтары мен жетістіктерін басшылыққа алу, таным-түсінікте тазалықты темірқазық ету, жалпыадамзаттық игіліктер мен жасампаз отаншылдықты әз тұту – мемлекеттік дамуымыздың стратегиялық негізі.
Қазір елдік насихат шарасының дәйексөзіне әділеттілік пен прогресс ұғымы таңдап алынды. Бұл – жаңашыл қоғамды тұтастандыратын өлшем. 80-90 жылдары осы прогресті – «ілгерілеу» деп аударып жүрді. Бірақ ол бүгінгі тілге сіңе алмады. Мұны Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялылары қазақша қалыппен «тарақи» деп жазады (мәдени, рухани т.б. сөздер секілді). Ол бізге қайдан келді? ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында Түркияны, шығыс елдерін жаңартқан «Иттихад ве теракки» (Бірлік және прогресс) атты қозғалыс болған жоқ па? Алаш баспасөзі тарихында қатталып қалған «тарақи» содан келді.
Сонымен, жаңа Конституция ұлттың жоғын жоқтап, ұмытылғанды күн тәртібіне қойса, мұны – елдік іс, алғадай бастама дей аламыз.
Жұрт талқысына ұсынылып, референдумға шығарылған Ата заң жобасының басты арқауы – адам мен халық. Сіз бен біз! Жаңа замандағы Қазақстан азаматының білім-білік, ақыл-ой, руханият жетістігін, әл-ауқатын арттыруға, өз-өзін жан-жақты қорғауға ұмтылысы.
Конституциядағы мұрат та айқын: егемендік пен тәуелсіздікті, ел мен жер тұтастығын көздің қарашығындай қорғау. Біздіңше, тілдік ұстаным да, ділдік ерекшелік те, ұлттық ұйысу да осының ішінде. Парасат алға шықса, шешілмейтін нәрсе жоқ. Ерік-жігер, адамшылық, табандылық, жауапкершілік – осының қорғаны.
Президент Қ.К.Тоқаев «Ата заң жобасында «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті» деуі де сондықтан.
Дана Шәкәрім заманында елдік жолды (біздің жағдайда Конституция) «қазақтың ескі құлақты кемеңгерлері мен оқымысты жастары ақылдасып жазуы керек» десе, сол аманат сәтімен орындалып келеді.
Конституция кіріспесіндегі «мемлекеттікті нығайту» мен «Ұлы даланың мыңдаған жылғы тарихының сабақтастығын сақтаудан» бастап, «келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезінуге» дейінгі кесек ұғымдар, толықтырылған заң баптары өткен мен бүгінгі арман-аңсардың үйлескенін аңғартады.
Міне, бұл – біртуар Шәкәрім меңзеген тәжірибелі аға буын мен алғыр жаңа буын мүддесінің тоғысқан тұсы.
Ата заңның жаңашыл нұсқасы – қоғамды ұйыстырып, ділгір сұранымына жауап беретін, халық мүддесін мемлекеттік мүдде деңгейіне көтеретін, орнықты елдік бағдарды көрсететін тұжырымдама.