Елімізде бұл күннің қалыптасуы сәл өзгеше. 2016 жылы бекітілген мереке түрлі халықтың туғанынан кем көрмей, құшақ жая қабылдаған қазақтарға Алғыс айту күні болып белгіленді. Осылайша, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыз Алғыс айту күніне айналды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес өкіметі көптеген халықты тарихи отанынан айырып, күштеп жер аударды. Елдегі 130 этнос өкілдері осы саясаттың нәтижесінде қазақ еліне қоныс аударып, жерсінді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1946 жылы 2,5 млн адам жер аударылған. Оның 1 млн 200 мыңы елімізге келген.
Жалпы, Алғыс айту күні әлемде бұрыннан бар. Бразилия, Канада, Қытай, Англия, Гана, Гренада, Нидерланд, Үндістан елдері тойлайды. Америкалықтардың Алғыс айту күні «Thanksgiving Day» – ең танымал мереке. АҚШ-та 1620 жылдан бастау алатын мерекені негізі ағылшындар қалыптастырған. Отарлау мақсатымен Америкаға табан тіреген британдықтар қысы қатты, аштық жайлаған елге үйренісе алмай, сол жылы жергілікті үндістердің арқасында аман қалған. Отарлаушы елдің губернаторы Уильям Брэдфорд осыны ескеріп әрі сол елдегі тұрғындардың көңіл күйін көтеру мақсатында 1621 жылы үндістер мен тайпалардың көсемін жинап, алғыс білдірген. Осыдан соң бұл үрдіс дәстүрге айналып, жыл сайын ағылшындар үндістердің басын қосып, күз мезгілінде рахмет айтатын болды. Кейін АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтон ұлттық мереке ретінде бекітті. Осыған орай 1941 жылы АҚШ конгресі арнайы заң қабылдады. Алғыс айту күні Америкада қарашаның төртінші бейсенбісінде аталып өтіледі. Алайда қазір америкалықтар үндістерге емес, отбасы мүшелеріне алғыс айтып, күркетауық пісіріп, арнайы мерекелік дастарқан басына жиналады. Жыл сайын отбасылық мереке ретінде атап өтеді.
Жапонияда Алғыс айту күні «Kinro kansha no hi», яғни «Еңбекті бағалау» күні деп аталады. 23 қарашада белгіленген атаулы күнді халық алғашында егін бітік шығып, жақсы өнім жинап алғаны үшін алғыс айту мерекесі ретінде тойлаған. Ал қазір жапондықтар осы еңбекті тер төгіп жасаған адамдар десіп, бір-біріне алғыс айту күні деп қалыптастырып алған.
Кореяда да Егін мерекесінде (Чхусок) мол өнім бергені үшін жерге алғыс айтқан, сондай-ақ «ата-бабаларға Алғыс айту күні» болып жарияланған. Чхусок – Кореядағы барлық мереке секілді отбасылық мереке. Туысқан ағайындар бір-біріне қонаққа барады, туған жерін еске алып, дүниеге келген ата-анасының үйіне арнайы келіп, қона жатып, бұл күнді атап өтеді. Таңертеңгісін ертемен барлық отбасы мүшелері жиналып, ата-бабаларының рухына табыну рәсімін жасайды. Ұлттық киімі ханбокті киіп, бір-біріне сыйлық береді. Чхусок кәріс тілінде «мол жайылған дастарқан» деген мағынаны білдіреді.
Канадада Алғыс айту күні 1957 жылдан бастап тойланып келеді. Ел халқы ауыл шаруашылығы өнімдері мол шығып, қор жинақтап алғаны үшін алғыс айтып, мәре-сәре болған. Қазанның екінші дүйсенбісінде атап өтіледі.
Ал Германияда «Erntedankfest» – Алғыс айту мерекесі қазанның алғашқы жексенбісінде тойланады. Неміс халқы бұл күнді егін алқабында тойлайды. Келер жылда да егін бітік болып, астық мол шықсын деп тілек білдіріп, табиғат-анаға алғыс айтқан. Қазір олар дәстүрлі тағамдарын пісіріп, дастарқанды көкөніс, жеміс-жидек, дәнді-дақылдармен толтырып, әулет мүшелерімен атап өтеді.
Өзге халыққа, табиғат, жер-анаға алғыс айтуды бір-біріне алғыс айту деп «өзгертпеген» үнді халқы ғана. Үндістанда жан-жануар, тағамға, Құдайға алғыс айту рәсімдері бар, алайда арнайы белгіленген Алғыс айту күні жоқ. Олар әр мерекеде дұға жасап, Құдайға рахмет айтуды дәстүрге айналдырған.
Әрине, әр елдің салты басқа... Көптеген ел Алғыс айту күнін өздеріне ыңғайлап алғанымен, оның тарихы өзгеріссіз қала бермек әрі бір-бірімізге алғыс білдіріп, құрмет көрсеткен артық болмас.