Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген кешке көрермен көп жиналды. Концертте ұлттық дәстүрлі музыка алуан түрлі композициямен салтанат құрды. Сонымен қатар кеште фольк, этно-джаз, этно-панк және заманауи үн әдемі үйлесім тапқан. Бағдарлама аясында қазақ музыкасының тамаша туындылары орындалды.
Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әділхан Макин, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Заңғар Мүбәраков, Жанту Дадабаев, Аққанат Смағұлова, Жаслан Кәрім секілді талантты әртістер өнер көрсетті. Олардың әуелетіп салған әндері мен күмбірлетіп тартқан күйлері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Мың бұралған бишілердің шеберлігі де жұртшылықты тәнті етті.
Айта кетейік, «Astana sazy» – еліміздегі жетекші шығармашылық ұжымның бірі. Ансамбль музыканттары домбыра, қобыз, шертер, шаңқобыз, саз сырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау секілді халық музыкалық аспаптарында керемет ойнайды. Ұжымның көркемдік жетекшісі – Нұркен Якияев.
Бір жағынан, фольклорлық ансамбльдің репертуары өте бай. Әсіресе онда түрлі халықтардың дәстүрлі аспаптық музыкасы мен заманауи авторлық шығармалар қамтылған. Сондай-ақ бұған дейін ұжым әртістері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді бірнеше елде өнер көрсеткен.