Фото: azattyq-ruhy.kz
Телекөпірге цифрлық және құқықтық реформалардың архитекторлары қатысты. Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа нормалар аясындағы технологиялық тәуелсіздіктің әлеуетін түсіндірді.
– Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бүгінгі заманның сұранысы мен талабын ескере отырып, жан-жақты қамтылғанын баса айтуымыз қажет. Соның ішінде жаңа конституциялық құжатта азаматтардың жеке мәліметтерінің қауіпсіздігіне құқықтық кепілдіктер беріледі. Қазіргі уақытта әлем қарқынды цифрлық өзгерістер кезеңіне қадам басты. Мемлекеттік қызметтер, қаржы операциялары, білім беру, медицина және әлеуметтік қатынастардың басым бөлігі электронды форматқа көшті. Бұл азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қызметтердің қолжетімділігін арттырғанымен, жаңа қауіптерді де қатар алып келеді. Осыған байланысты цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Конституциялық деңгейде дербес деректердің қорғалуына ерекше мән беру цифрлық кеңістікте қауіпсіз құқықтық орта қалыптастырады. Сондықтан әр азаматтың бұл тарихи өзгерістерге жауапкершілікпен қарап, елдік, мемлекетшілдік ұстанымын танытуы әрқайсымыздың ел болашағына қосқан нақты үлесіміз болмақ, – деді Ж.Мәдиев.
Жалпы алғанда, цифрландыру үдерісін құқықтық тұрғыдан бекіту – болашаққа жасалған маңызды қадам. Ол елдің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтереді. Бұл бағыттағы өзгерістер Қазақстан қоғамының заманауи, қауіпсіз әрі әділетті болашағына жол ашады.
Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қатысушылар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жаңартуға бағытталған баптарды да егжей-тегжей талқылады.
– Жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, бұл мемлекеттің даму бағытын айқындайтын құндылықтар жүйесі, қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі. Бүгін бекітілетін қағидаттар ертеңгі Қазақстанның келбетін қалыптастырады. Өйткені жаңа Ата заңдағы ұсынылып отырған барлық өзгеріс мемлекетіміздің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, құқықтық тәртіпті нығайтуға және отаншылдық идеяны күшейтуге бағытталған, – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
«Қазақтелекомның» сандық инфрақұрылымы арқылы алыс аймақтардағы қызметкерлер де онлайн режімінде қатысып, спикерлерге сұрақ қойды. Басым көпшілігі жаңа редакциядағы жеке өмірге қол сұқпаушылық кепілдіктері, азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан сақтау және пайдаланудан қорғау құқығы, сондай-ақ хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу және банк салымдарының құпиясы жөнінде сауал жолдап, ақпарат алды.
Телекөпір қорытындысында жаңа Конституция құқықтық сауатты арттыруға, инновациялық дамуды ілгерілетуге және мемлекет пен азаматтар арасында сенім мен ашықтыққа негізделген сандық қоғам қалыптастыруға жол ашатыны айтылды.