Мақалада автор Ресей империясындағы саяси өзгерістер кезеңінде қазақ халқының құқықтарының шектелуін, сондай-ақ қазақ қоғамындағы саяси аңғалдық пен үміттің арақатынасын сын тұрғысынан талдайды. Еңбек Ресей империясында 1905-1907 жылдары болған саяси өзгерістер кезеңіне байланысты жазылған. Сол уақытта патша үкіметі халықтың қысымымен бірқатар реформа жүргізіп, 1905 жылы Қазан манифесін жариялады. Бұл құжатта азаматтық еркіндіктер берілетіні және заңдар Мемлекеттік дума арқылы қабылданатыны айтылды.
Осы реформалардан кейін Ресейде парламент қызметін атқаратын Ресей империясының Мемлекеттік думасы құрылды. Алайда империя құрамындағы отар халықтардың, соның ішінде қазақтардың саяси құқықтары толық қамтамасыз етілмеді. 1907 жылы патша билігі жаңа сайлау заңын енгізіп, Думадағы демократиялық күштердің ықпалын әлсіретті. Бұл заң ұлттық аймақтардың, әсіресе қазақ халқының өкілдігін күрт қысқартты. Әлихан Бөкейханов өз мақаласында дәл осы тарихи жағдайды талдап, қазақ қоғамының саяси болашағына қатысты маңызды ойлар айтады.
«Сусағанның түсіне су кіреді» теңеуін Бөкейханов қазақ қоғамының саяси үмітін сипаттау үшін қолданады. Оның айтуынша, кейбір қазақтар патша үкіметіне телеграмма жіберіп, қазақтарға мүфтилік немесе Думада депутаттық беруді сұрайды. Бірақ автор мұндай үміттің негізсіз екенін көрсетеді. Өйткені патша үкіметінің саясаты қазақтардың саяси құқықтарын кеңейтуге бағытталмаған еді.
«Орал қазағы 300 жыл бабаларын патшалық қылды деп, патшаны құттықтап телеграмма беріп, депутат, мүфти һәм қазақ жерін сұраған екен. Осы телеграммаға Ішкі істер министрі жерге мұжық жіберме дегенің дәлелсіз болғандықтан ақсыз қалды деп мағлұм қылып, мүфти һәм депутат деген тілекті жым-жырт қойған. «Неше кісі оқып бір кітаптан һәркім өз пікірін табады» деген француз жұртының жақсы мақалы бар. Орал қазағы үкіметтің жым-жыртынан өз пікірін жорып, депутат һәм мүфти алмақ болып отыр. «Шөлдегеннің түсіне су кіреді» деген осы. Бұл түстің қанша растығы бар?», деп жазады Әлихан Бөкейханов.
Осы арқылы Бөкейханов халықты саяси жағдайды шынайы бағалауға шақырады.

Мақалада автор Ресей империясының саяси жүйесін талдайды. Ол бұрынғы жүйені «шексіз монархия» деп сипаттайды. Мұндай жүйеде барлық билік патшаның қолында болды, ал халықтың саяси ықпалы өте аз еді. 1905 жылғы манифесттен кейін Ресей өзін конституциялық монархия ретінде көрсеткісі келді. Бірақ Бөкейхановтың пікірінше, бұл өзгерістер толық жүзеге аспады. Заң жүзінде Мемлекеттік дума арқылы басқару жүйесі енгізілгенімен, іс жүзінде патша билігі бұрынғыдай күшті болып қалды. Сондықтан автор саяси реформалардың сыртқы көрінісіне ғана сенбеуге үндейді.
«17-нші октиабр манифесінің 3-нші бабында айтылған екен, ешбір закон Г. Дума дүрестемай закон қуатына кірмейді деп. Осы 3-нші бап 86-ншы статья болып закон құрамасы кітапқа басылып еді. 17-нші октиабр манифесті шықпай тұрып, Г. Думаны ақыл серікке алмай тұрып, біздің патшалық, орыс тілінде «неограниченная монархия» еді, мұның мағынасы – қисапқа қағусыз үкімет, патшаның атымен қошқар мүйіз салса дегені болушы еді. Закон арқылы іс қылатын, законнан өтпейтін патшасы бар мемлекет «конституционная монархия» дейді. Біздің патшамыз Г. Дума шығарып, Думасыз закон жоқ деген соң бері осы законнан аттап өтпейтін патшалық болды», делінеді мақалада.
Мақалада ерекше сынға алынған мәселенің бірі – 1907 жылғы жаңа сайлау заңы. Бұл заң Думадағы өкілдікті қайта бөліп, билікке жақын топтардың ықпалын күшейтті. Бөкейханов бұл заңды әділетсіз деп есептейді. Оның айтуынша, қазақ халқы Думаға депутат сайлау мүмкіндігінен айырылып, саяси өмірден шет қалды. Автор мұны қазақтарды «надан халық» деп көрсетудің нәтижесі деп түсіндіреді.
«3-нші иунде 1907-нші жылы 2-нші Думаны тарқатып қайта Г.Дума депутаты сайланатын закон шығарды. Сол жолы біздің қазақты Г.Думадан шығарып тастады. Қағазға жазған закон, мына талас-тартыс, күш-қуатқа мінген закон келсе сыпырылып шыға беретін, «3 иун» келгенде «17 октябрь» мойнына су құйылып шығар бергені қалай? 3 иуннен бері 6 жыл өтті. Біздің қазақ осы 6 жылда ұтылды ма, ұтты ма? Біздің қазақ сияқты жетім жесір нашар жұртқа құрдастық-теңдік «17 октиабр» «3 иун»-ді жақсы келеді, жақын арада біздің ат бәйгеден келеді деуге болмайды. Қазаққа депутат беретін екі жол бар. Бірі Г.Дума шығарған закон арқылы, бірі хүкімет баяғы қағусызға салса. Осы екі жол осы күнде қандай?», деп жазады ол.
Мақала соңында Бөкейханов халыққа маңызды ой айтады. Ол қазақтарды тек үмітке сеніп отырмай, елдің болашағы үшін саналы әрекет жасауға шақырады. Оның пікірінше, халық өз мәселесін түсінде емес, ояу күйінде шешуі керек.
Мақала ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының басты мақсатын – ұлттық сананы ояту және халықтың саяси құқықтарын қорғау идеясын айқын көрсетеді. Бүгінгі күні де Бөкейхановтың ойлары мен идеялары өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның еңбектері тәуелсіз Қазақстан тарихының рухани негіздерінің бірі болып қала береді.