Президент • Бүгін, 07:55

Әйел – ақыл мен ажардың айнасы

10 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ақордада Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларды көктемнің шырайлы мерекесімен құт­тық­тады. Президент мерекелік жиын­да елі­міздің әлеумет­тік-экономи­ка­лық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып, өз кәсібінде жоғары табыс­қа жеткен ханымдарды мемле­кеттік наградамен марапаттады.

Әйел – ақыл мен ажардың айнасы

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген арулар

– Бұл мейрам – мейірім мен жылу­лықтың, даналық пен сұлулықтың нышаны. Әйел – тіршіліктің тірегі, бере­кенің бастауы. Бұл – ақиқат. «Бесікті де, әлемді де тербеткен» әйелдің жүрегі – ізгіліктің мекені. Сондықтан әйел­дің қадірі елдің қадірі деп айтсақ, артық болмайды. Бүгін мен Ақорда төрінде Сіздерге және барша Қазақстан әйелдеріне зор ризашылығымды және алғысымды айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, халқымыз қай заманда да анасын ардақтаған, қарындасына қорған болған, қыздарын сыйлап, төрінен орын берген. Жұртымыз ең киелі құндылықтарға «Ана» сөзін қосып, «Отан Ана», «Жер-Ана», «Ана тілі» деп көне заманнан бері айтып келеді. Бабаларымыз «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» деген. Осы мағынасы терең дәстүр қазіргі құбылмалы, күрделі заманда міндетті түрде өз жалғасын табуы керек. Бұл мақсатты орындау – ұрпақ­тар алдындағы парызымыз. Өйткені ұлты­мыздың болмысы, тілі мен ділі, салт-дәстүрі ұрпаққа ананың аялы алақанымен, тағылымды тәрбиесімен дариды.

– Қиындығы мен сын-қатері қатар жүретін аса жауапты қызметтерде жұмыс істейтін нәзік жандылар аз емес. Олар Отан алдындағы парызына адал болып, елімізде Заң мен Тәртіптің орнығуына атсалысып жатыр. Әділ сот төрелігін жүзеге асырып жүрген судьялардың жартысынан көбі әйелдер. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Прокуратура, Ішкі істер, Қорғаныс және арнаулы қызмет саласында 45 мыңнан аса әйел еңбек етіп келеді. Жақында Дубайда күштік құрылымдар мен арнайы жасақтардың SWAT Challenge жарысы өтті. Аса беделді халықаралық сайыста еліміздің «Томирис» құрамасы ешкімге дес бермей, қыздар арасында үздік атанды. Олар байрақты бәсекеде шыдамдылық пен шеберліктің озық үлгісін көрсетті. Бұл Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың даңқты жолын үзбей келе жатқан нағыз батыр қыздарға тән қасиет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ғылым­да, өнерде, спортта, денсаулық сақ­тау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін алға тартты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынның ортасы­нан табылған бірнеше ханым­ның еңбегі­не тоқталып өтті. Бұл қатарда «Отан» орденімен марапатталған Мар­фуға Әжіғалиева, «Еңбек даңқы» орденін иеленген Шакира Ыдырысова, ІІ дәрежелі «Барыс» орденіне лайық деп танылған Бибісара Асаубаева, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген Сенат төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечина, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляева, көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алған Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусова, білім саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, «Парасат» орденін иеленген конькимен жүгіруден жастар арасын­дағы бес дүркін әлем чемпионы Кристина Шумекова, қаламгер-аудармашы, тіл жанашыры Камал Әлпейісова, «Құрмет» орденімен марапатталған табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосып жүрген Мария Зейнелова, мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан Айсұлу Шуақбаева, тәжірибелі педагог Жанна Левкович, «Шапағат» медалі табысталған жас мұғалім Мария Сурина, «Ерен еңбегі үшін» медалін алған тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаева, Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысып жүрген белгілі өнерпаз Сузуки Канон есімдері аталды.

– Біз Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтамыз, оларды жас буынға үлгі етеміз. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар. Қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отыр. Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді. Әйел – ұлттың жан дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлу­лықтың бәрі әйел бейнесімен астасады. Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүр. Бірақ мойындауымыз керек, қаншама қиындыққа, кедергіге, жауапкершілікке, кейде ер-азаматтардың олқылығынан болатын келеңсіздіктерге тап болса да, әйел әрқашан ақыл мен ажардың айнасы болып қала береді. Әйелдердің басты құпиясы да, әу бастағы табиғи болмысы да – осында. Олар қаласа, күнделікті күйбең тірлікті мерекеге айналдыра алады, жадау көңіліңе жарқын сәуле түсіреді, мүмкін еместі мүмкін қылады, тіпті соғысты да тоқтатып, бейбіт өмір орнатады. Ұлттың болашағы әйелдерге байланысты десек, қателеспейміз. 

Отбасы институты – тұрақты даму негізі

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетінін алға тартты.

– Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі бар­лық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді. Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемен­дігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау. Ата заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі, – деді Президент.

м

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамығанын, мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек.

Ең бастысы – адам капиталын жақ­сартып, ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыру. Сондықтан білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беру қажет. Қазіргі таңда дүние жүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылып жүр. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз.

– Қазақстан әлеуметтік саясатқа әрдайым жауапкершілікпен қараған. Шын мәнінде, мұқтаж азаматтарымызға нақты, атаулы көмек көрсетіледі. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасады. Мысалы, елімізде бала дүниеге келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер жасалады. Берілетін қаржының көлемі қомақты. Бұдан бөлек, сәби бір жарым жасқа толғанша жөргекпұл төленеді. Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның бай-қуатты елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сондай-ақ олардың жұмыс орны сақталады, декреттік демалыстағы уақыты еңбек өтіліне қоса есептеледі. Мемлекет басшысы ретінде мен ана мен баланы қолдауға айрықша мән беремін. Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын. Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз, –  деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса Президент «Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отырғанын да айтты. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді. «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заман­ға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқық­тық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркес­тер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетінін мәлімдеді. Отбасы омбудсмені Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді.

Дәстүр мен ілгерілеу жолында

Мемлекет басшысының айтуынша, Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік береді. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірін­де Қазақстанның тұрақты дамуы­на ұзақ­мерзімді және мызғымас негіз қалай­тыны сөзсіз. Дейтұрғанмен, сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды техно­логиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы ма­ңызды міндетті орындау үшін ел өмірі­нің барлық саласына, атап айтқанда, әлеу­меттік саясат пен иммиграцияны рет­теу мәселесіне жаңаша көзқараспен қа­рап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады.

– Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн. Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады. Стратегиялық әлеуетіміздің кілті инфрақұрылым, технология, білім және ғылым салаларында жатыр. Лайым солай болуға тиіс. Ұлтты прогресс жолымен өрге сүйрейтін, елімізді өткеннің таптаурын, қасаң түсініктерінен ада өркениетті әрі үйлесімді қоғамға айналдырудың алғашқы қадамдары осы салалардан бастау алуы керек. Алайда жарқын болашаққа қарай ұмтылу түп-тамырыңды ұмыту деген сөз емес. Мәселе – жаһандық үдерістерге еліктеу туралы да емес, алдымызда тұрған мақсат – болмысымызды жоғалтып, бабаларымыз аманат еткен Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жадымыздан шығарып алмау. Оған біздің құқымыз жоқ. Дегенмен «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Біз көне заманнан бері келе жатса да, қазіргі дәуірге сай келетін құндылықтарды ғана пайдалануымыз керек. Сонда ғана дүние жүзінде нағыз жасампаз ұлт ретінде мойындаламыз. Конституциямыздың жаңа жобасы мәдени кодымызды сақтап, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің Бас құжаты халқымызды дәстүр мен даму үйлесім тапқан даңғыл жолға түсірмек, – деді Президент.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қуатты және тұрақты экономикасы бар Әділетті, бәсекеге қабілетті Қазақстанды құруға жетелейтін орнықты дамудың институттық және құқықтық негіздері Конституция жобасында көрініс тапқанын атап өтті.

– Ал қазіргі Ата заңымыз қабылдан­ған шақта Қазақстан еңсесін енді тіктеп жатқан еді. Ол кезде Егемендікті сақ­тап қалу, билік институттарын құру, елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттеріне басымдық берілді. Бүгінгі Конституция еліміздің қол жеткізген барлық жетістігінің бастауында тұрды. Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бірақ заман бір жерде тұрмайтыны белгілі. Қазір Қазақстан – халықаралық беделі биік, саяси жүйесі мығым, экономикасы орнықты дамып жатқан қуатты мемлекет. Шетелдегі сая­саткерлер мен сарапшылар елімізді ірі орта мемлекет ретінде мойындап, құрмет білдіруде. Біз БҰҰ Жарғысының негізіне айналған халықаралық құқық сақталуы қажет деп санаймыз. Алдағы уақытта да осы қағидаттан айнымаймыз. Бұл – Қазақстанның нақты ұстанымы. Еліміздің Конституциясында ұлттық заңнама талаптарын ескермей, оны екінші орын­ға қоятын екіұшты ереже болмауы керек. Бұған жол беруге болмайды. Бұл да Тәуелсіздік пен Егемендік мәселесі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Ата заңымызда Қазақ­стан халқының бірлігін, этносаралық, конфессияаралық келісімді, толерант­тылықты нығайтатын нормалар бар екеніне тоқталды. Бұл – біздің саяси, рухани құндылықтарымыз. Сондықтан оны құқықтық тетіктер арқылы күллі қоғам болып қорғауға міндеттіміз.

Сонымен қатар Қазақстанның экономикасы Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең үлкен экономика саналады. Қазақстан дүние жүзіндегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл 20 миллион халқы бар ел үшін жақсы нәтиже деп айтуға болады.

– Біз барлық елмен тығыз қарым-қатынасты дамытып, теңгерімді, сали­қалы, ұлт мүддесіне сай сыртқы сая­­­сатты жүргізе отырып, өз жолымыз­бен жүріп келеміз. Ал жаңа Конс­титу­ция­ны қабылдау, бұл – уақыт талабы, мем­лекетіміздің алдында тұрған өзекті, шұғыл міндет. Бас құжаттың жобасы Қазақстанның тұғыры берік, бағдары айқын, алысқа көз тігетін озық ойлы ел екенін көрсетеді. Оның әр нормасы ұлт мүддесіне қызмет етеді. Ата заң жобасында Әділдік пен Отаншылдық, Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Адалдық қағи­даттары айқын көрініс тапты. Біз бәрі­міз бір ұлт болып тарихи жолдың тора­бына жеттік, енді халқымыз келе жат­қан жалпыхалықтық референдумда ел тағ­дырына әсер ететін таңдауын жасай­ды. Мен жаңа Конституцияның мән-маңы­зына жақын арада тағы да кеңірек тоқта­ламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы мерекелік жиынға еліміздің әр аймағынан көптеген мамандық иелері келіп отырғанын, олар түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуетін арттыруға атсалысып жүргенін үлкен ризашылықпен атап өтті және оларды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар

Нәзік иықтағы ауыр жүк

Әйел әлемі • Бүгін, 09:35

Арманына жеткен ару

Әйел әлемі • Бүгін, 09:30

Талапкерге қанат бітірген

Әйел әлемі • Бүгін, 09:25

Мейрам қарсаңындағы марапат

Тағзым • Бүгін, 09:20

Ел анасы, ерте оянған санасы...

Әйел әлемі • Бүгін, 09:10

Қазақ әйелдерінің шежіресі

Тарих • Бүгін, 09:05

Шаршы тақтаның шаһбазы

Шахмат • Бүгін, 09:00

Шекісудің де қайыры бар

Спорт • Бүгін, 08:50