Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жұмыстың ауқымды көлемі 3593 шақырым жолды жаңалаған күрделі жөндеу жұмысына арналды. Аталған жөндеу жұмыстары инфрақұрылымды кешенді қалпына келтіруді, соның ішінде рельстерді, шпалдарды, басқа да жол қондырмасының элементтерін ауыстыруды қамтыды.
Сондай-ақ 1560 шақырым теміржол желісіндегі құрамдас бөліктерді жөндеу аяқталды. Бұл жұмыс тозған жол тетіктерін ауыстыруға, инфрақұрылымның техникалық жағдайын қажетті деңгейде ұстауға бағытталды.
Ауқымды жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмысы 4284 шақырым жолды қамтыды. Бұл жұмыс жолдың мерзімінен бұрын тозудың алдын алу мен пойыздардың кедергісіз және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілді.
Қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, жаңа теміржол желілерін салу жобалары белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. 2019–2025 жылдар аралығында елімізде 911 шақырым жаңа теміржол желісі салынды.
Ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың ішінде еліміздің транзиттік әлеуетін дамытудың басым бағыттарының бірі, Қазақстан мен халықаралық көлік дәліздері арасындағы жүк ағынын арттыруда маңызды рөл атқаратын, ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты учаскесінің құрылысын атап өтуге болады.
Сонымен қатар ұзындығы 75 шақырымға жететін Алматы стансасының айналма теміржол желісінің жобасы аяқталды. Бұл желі Алматы көлік торабындағы кептелістерді жеңілдетіп, тасымалдау тиімділігін арттырып, еліміздің оңтүстік өңіріндегі жүк пойыздарының қозғалысын оңтайландырды.
Бұл жобаларды жүзеге асыру қазақстандық теміржол желісін дамытудың маңызды кезеңіне айналды және Еуразиядағы негізгі көлік-логистикалық хабтардың бірі ретінде еліміздің рөлін нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде бұл салаға цифрлық жүйелер де кеңінен енгізіліп, заманға сай жаңарып келеді. Айталық, жақында теміржол желісінің ақауларын алдын ала болжап, жөндеу жұмыстарын жоспарлауды екі есеге жеделдететін «Смарт-диагностика» жүйесі іске қосылды. Бұл цифрлық жүйе 22 мың шақырым теміржолды қамтып отыр. Бұған қоса, 3 мың шақырым магистралды жеті бағыт бойынша өткізу қабілетін күшейтетін автоматтандыру жүйелері енгізіліп жатыр. Вагон паркін оңтайлы басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа қаржыны жылына 2 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берсе, «Wabtec» компаниясының Kinetix инновациялық жүйесі вагондарды қозғалыс кезінде тоқтаусыз әрі әлдеқайда дәл диагностикалауға жағдай жасайды.
Жолаушылар тасымалы саласында да айтарлықтай серпін байқалады. Өткен жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметін 13 млн-нан астам адам пайдаланған. Кейінгі он жылда вагон паркінің 60 пайызы жаңарып, 2030 жылға қарай олардың орташа жасы 10 жылға дейін қысқармақшы. Мұның барлығы көрсетілетін қызмет сапасына деген сенімді арттыра түсуде.
Сондай-ақ терминалдық инфрақұрылымды дамытуға да назар аударылып отыр. Достық стансасындағы жүк терминалы қайта жаңғырып, Алтынкөл стансасындағы контейнерлік терминал кеңейтілмекші. Мұнда пойыздар қозғалысын тәулік бойы басқаруға мүмкіндік беретін диспетчерлік тетік бір орталыққа шоғырланған.
Шекара аумағындағы Алтынкөл стансасының әлеуеті де артып келеді. Президенттің V Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасына сәйкес «Алтынкөл – Жетіген» теміржол желісінің жаңғыртылуы нәтижесінде стансаның өткізу қабілеті тәулігіне 33 жұп пойызға дейін жетпекші. Былтыр мұнда алты экспорттық парк іске қосылып, тәуліктік өткізу көлемі 20-дан 30 жұпқа дейін өсті. Станса басшысы Данияр Нұрқасымовтың айтуынша, сұрыптау дөңесінің құрылуы мен жаңа жолдардың салынуы операциялық тиімділікті едәуір арттырады.
Теміржол инфрақұрылымы мегаполистер деңгейінде де жаңғыртылып жатыр. Шымкент қаласында көлік желісін жақсарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Жуырда Момынов көшесіндегі теміржол өткелі техникалық тұрғыда ашылып, бұрын кептелістен көз ашпаған учаскеде қозғалыс еркіндігі пайда болды. Ұзындығы 132 метр жаңа өткел Сайрам ауданы мен қала орталығы арасындағы тасымалды жеңілдетіп, жол жүрісін жылдамдатады. Көпір құрылысы толық аяқталған соң нысанға 50 жылдық кепілдік беріледі.
Жүк тасымалы сапасы да өңірлік стансалардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл ретте Атыраудағы Ақжайық стансасының өткен жылғы көрсеткіштері назар аударарлық. 7 қабылдап-жөнелту, 3 тұрақтау жолы бар станса жыл бойы 21 779 пойыз қабылдап, 51 634 вагон өңдеген. Вагон айналымы 138,2 пайызға орындалып, тәуліктік жүк тиеу жоспары 3 вагон болса, нақты көлем 64 вагонға жеткен. Тоннамен есептегенде тәуліктік тасымал 38 916 тоннаны құрап, жоспар 107 пайызға орындалды. Мұнай секторындағы ірі кәсіпорындардың тұрақты жұмысы мен жол құрылысына қажетті материалдарды тасымалдау көлемді ұлғайтқан.
Ақжайық стансасына қарасты 60-қа жуық кірме жолдың 50-і белсенді қолданыста. Бұл жүк түсіру логистикасын өңірлік деңгейде тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұнда тек мұнай өнімдері ғана емес, бензин, мазут, реактивті отын, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қажетті дизель отыны да тасымалданады.