Өнер • Кеше

Сүйікті әндері шаттыққа бөледі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы сахнасында «forte trio» мемлекеттік триосының «Сүйікті жандар үшін…» атты классикалық музыка кеші өтті. Өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған бұл кеш көрерменге нәзік сезім мен терең ойға жетелейтін музыкалық әсер сыйлады.

Сүйікті әндері шаттыққа бөледі

Кештің басты ерекшелігі – қазақтың ұлттық әуендері мен әлемдік классиканың жауһар туындыларының бір сахнада үндесуі болды. Музыканттардың орындауындағы әрбір шығарма тыңдарманды ерекше сезімге бөлеп, жүрекке жылы әсер қалдырды.

Концерттік бағдарламада халық жүрегінен орын алған ұлттық шығармалар мен әлемдік вокалдық классика үлгілері орындалды. Соның ішінде қазақ музыкасының көркем лирикасын әйгілейтін «Назқоңыр», «Ақ қурай» секілді шығармалар тыңдарманды ұлттық әуеннің тереңдігімен тәнті етті. Сонымен қатар әлемдік репертуардан «Маритана», «Гимн любви», «Вальс», «Mamma», «Buongiorno a te» секілді танымал туындылар шырқалып, кештің көркін қыздырды.

Музыкалық кешке қонақ ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі тенор Медет Шотабаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дарынды баритон Азат Мәлік қатысты. Танымал өнерпаздардың орындауындағы ариялар мен вокалдық шығармалар көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

Сахнада өнер көрсеткен «FORTE TRIO» ұжымы жоғары кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, әрбір шығарманы шынайы сезіммен жеткізе білді. Музыканттардың үйлесімді орындауы мен сахналық мәдениеті кештің көркемдік деңгейін арттыра түсті. Осылайша, «Сүйікті жандар үшін…» музыкалық кеші көрерменге ұмытылмас әсер сыйлап, классикалық өнердің мәңгілік құндылығын тағы бір мәрте айқындады.

Соңғы жаңалықтар

Күн мен түн 22 наурызда теңелмейді

Наурызнама • Бүгін, 17:41