Білім • Бүгін, 08:30

Білім саласындағы бірегей жоба

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жас ұрпақтың жанарындағы жалынды жаға білу – басты парызымыз. Осындай ізгі ниетпен мемлекетіміз балаларға, олардың сапалы білім алуына баса назар аударып келеді. Кейінгі алты жылда елімізде 1 миллион оқушыға арналған 1000-нан астам жаңа мектеп бой көтерді.

Білім саласындағы бірегей жоба

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы – білім инфрақұрылымын өзгертетін тың бастама. Жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 460 мың орындық 217 жаңа форматты мектеп салынды. Бұл мектептер қазіргі заманның талаптарына сай, озық білім беру технологияларымен, цифрлық инфрақұрылыммен және инновациялық оқу әдістемелерімен жабдықталған.

Жобаның мақсаты – еліміз­дің барлық өңірлерінде кез-келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйым­дарын құру. Жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндік жасау.  Ұлттық жоба балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заман талабына сай жағдайда сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Ел болашағы мегаполистен ғана емес, ауылдан да басталады.  Сондықтан «Келешек мек­тептердің» жартысына жуығы, яғни 40%-ы ауылдық елді мекендерде салынды. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы  заман талабына сай жайлы білім беру ортасымен қамтамасыз етілді.

«Келешек мектептердің» басты артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы білім беру кеңістігінің жасалуы. Бұл мек­тептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы жағынан 4 есеге артық.

Мектептерде роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары, 4 спорт залы бар, заманауи пәндік кабинеттер, алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар қарастырылған. Барлық мектеп заманауи жи­һаздармен және оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталып, әрбір оқу кабинеті үшін қажетті техникалық құралдар жиынтығы қамтамасыз етілген. Бұның бар­лығы ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Ұлттық жоба аясында салынған мектептерде қауіпсіздік жүйелері күшейтілген. Мектептер заманауи бейнебақылау және ғимаратқа кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етілген. Бастауыш және жоғары сыныптар бөлек-бөлек блоктарда оқиды. Мұның барлығы баланың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына бағытталған.  Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілді. Бұл бағытта мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынған. 

Ең бастысы, мұнда кез кел­ген балаға жағдай жасалған, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жеке санитарлық бөлмелер, кең кабинеттер, жеделсаты, пандустар, арнайы белгілер, психолог, логопед және дефектолог кабинеттері қарастырылған. Мұғалімдер интерактивті технологиялар мен пәндік зертханаларды қолдана отырып, әр оқушының қызығушылығы мен қабілетіне қарай тұлғалық дамуы­на жол ашады.

Бұл мектептерде балалардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, ресурстарды үнемді пайдалану сияқты жауапкершілікті сезіну дағдыларын дамытуға ерекше мән беріледі.

Жобадағы негізгі басым­дықтың бірі – оқушыларға ерте жас­тан кәсіби бағдар беру. Бастауыш сыныптарда түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныптан бастап тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» атты арнайы цифрлық платформа әзірленген. Платформа оқушыларға болашақ кәсіби бағы­тын және әрі қарайғы білім беру жолын саналы түрде таң­дауға көмектеседі.

Жоба аясында барлық мектептерде интернет желісіне кемінде 100 Мегабит жылдамдықпен қосылу мүмкіндігі қамтамасыз етілмек. Мектептің әр қабатында кітап қоймасы, оқу залдары, электронды кітапханалар және оқуға арналған коворкинг аймақтары, жеке кітапханалық кеңістік орналастырылған.

Оқушыларды еңбекке баулу және шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ бастапқы кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ақпараттық технология (ІТ), ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтылған.

Келешекте бұл мектептер моделі еліміздегі барлық жалпы білім беретін мектептерінің дамуына негіз болмақ. Пысықталған стандарттар, әдістемелер және басқару шешімдері бүкіл респуб­лика бойынша таратылады.

Соңғы жаңалықтар