Тиісті талапқа сай
Ұлттық академиялық кітапханадағы референдумның №129 учаскесіне барған Тәжікстан Республикасы Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода елдегі саяси іс-шараға дайындық барысы және өткізу кезеңі халықаралық талапқа сай болғанын айтады.

– Біз Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының шақыруымен Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға дайындық және оны өткізу барысын бақылауға келдік. Байқағанымыздай, Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясы саяси іс-шараға жоғары деңгейде дайындалған және жауапкершілікпен қараған. Дауыс беру құқығына ие ел азаматтары референдум учаскелеріне өз еркімен келіп, ешқандай кедергісіз таңдауларын жасады. Бұл референдум өткізудің негізгі қағидаттары – азаматтардың құқығын еркін білдіруі мен ашықтық қағидаттарының сақталып отырғанын айғақтайды, – деді Бахтиёр Худоёрзода.

Референдумдағы оң үрдіс
Ресей Федерациясы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Наталья Бударина да Астанадағы бірқатар референдум учаскесінің жұмысымен танысып, дауыс беру барысын бақылап шықты.
– Саяси маңызды оқиғаны бақылау мақсатында көптеген учаскеге алдын ала ескертусіз бардық. Ешқандай артық әрекет байқалмады. Учаскелерде қоғамдық байқаушылар да отыр. Тағы бір ерекше атап өткім келетіні – бірқатар азаматтың учаскелерге отбасымен, тіпті кішкентай балаларымен бірге келіп дауыс беріп жатқаны қуантты. Меніңше, бұл – оң үрдіс. Өйткені осындай маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларға бүкіл отбасының қатысуы – болашақ ұрпақ үшін де өнеге екенін естен шығармаған абзал, – деді Наталья Бударина.
Баршаға тең мүмкіндік
«Астана Опера» театрындағы референдум учаскесінде Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов науқанға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, әр сайлау сайын қазақ елі оң өзгерістерге нық қадам басып келеді.
– Қазақстанға бірнеше мәрте байқаушы ретінде келдім. Осы жолы делегация құрамында 20-дан аса байқаушы бар. Олардың әрқайсысы референдум учаскелеріне барып, комиссия мүшелерімен тілдесіп, жалпы ахуалды бағалады. Халық өз елінің болашағына деген жауапкершілігін толық сезінетінін байқадық. Қазақстанның Орталық референдум комиссиясы дамыған Еуропа мен АҚШ елдерінде қолданылып жүрген барлық заманауи әдістерді еркін пайдаланған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі, нашар көретін, естімейтін және жүріп-тұруында қиындығы бар азаматтарға қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр, – деді Мазахир Панахов.

Халықтың бірлігіне тәнтімін
Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимян Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылуына оң баға беріп, азаматтардың таңдау жасауына толық мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Ол мұндай маңызды саяси науқандарға халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумның ашықтығы мен сенімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
– Орталық референдум комиссиясының мүшелері өз кәсіби деңгейлерін көрсетіп, өте ауқымды және ауыр жұмысты құлшыныспен атқарды. Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы референдумның ұйымдастырылу барысымен танысып, тәжірибе алмасу. Бірнеше референдум учаскелерінен байқағаным, саяси науқан өте тыныш, бейбіт жағдайда өтті. Қарсылық танытып жатқандарды көрмедік. Ел халқының ауызбірлігіне тәнтімін. Негізінен азаматтардың референдумға белсенді қатысуы елдің саяси жүйесінің одан әрі дамуына ықпал етеді, – деді Ваагн Овакимян.

Түркі елдерінің тәжірибесі ұқсас
Түркия Республикасы Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Астана қаласындағы №149 референдум учаскесінде болып, ел халқын Амал мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ ол екі мемлекеттің сайлау жүйелерін салыстыра келе, олардың тәжірибесінде ортақ тұстары көп екенін жеткізді.
– Ел тарихындағы маңызды кезең айтулы мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Наурыздың бастауы саналатын Амал күніне орай түрік халқының да ыстық сәлемін жолдаймын. Референдум нәтижелері Қазақстан халқы мен елдегі демократиялық үдерістер үшін пайдалы болады деген сенімдемін. Әр елдің сайлау жүйесі өз ерекшелігіне қарай қалыптасады. Дегенмен екі елдегі сайлау тәжірибесі шамамен 70 пайыз ұқсас. Мысалы, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға белгілі бір уақыттан кейін үйлеріне барып, дауыс беру мүмкіндігі жасалады. Түркияда да осындай тәжірибе бар, бізде жылжымалы сайлау жәшіктері қолданылады. Сонымен қатар көру қабілеті нашар азаматтарға арнайы траферет екі елде де бар, – деді Ахмет Йенер.

Жастар және жауапкершілік
Референдумда инклюзивтілік қағидатына маңызды екпін берілген. Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев осылай дейді.
– Референдум комиссиясының мүшелері мен қоғамдық байқаушылар арасында жастардың көп болғаны қуантады. Бұл азаматтық жауапкершіліктің жоғары екенін аңғартады. Біз үшін сайлаушылардың саны, оларды хабардар ету жұмысының қалай жүргізілгені, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтын адамдарға қандай жағдай жасалғаны маңызды. Мысалы, Астана қаласы Президент орталығындағы №176 референдум учаскесінде түске дейін үш азамат үйінде дауыс берген. Олар алдын ала өтініш беріпті. Кейбір учаскелерде – 7, тағы біреуінде 12 адамның үйінде дауыс беру туралы өтініш білдіргенінен хабардармын. Яғни Қазақстан заңнамасына сәйкес референдумды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған, – деді Зайниддин Низамходжаев.

Науқанда заңбұзушылық тіркелмеді
Астанаға алғаш рет аяқ басқан Қырғыз Республикасы Орталық сайлау және референдум комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров учаскелерде заңбұзушылық тіркелмегенін мәлімдеді.
– Қырғызстаннан жалпыхалықтық науқанды бақылау үшін 18 байқаушы келді. Оның алтауы Астанаға келсе, қалған 12-сі Қырғызстанмен шектесетін Қазақстан өңірлеріндегі учаскелерде бақылау жүргізді. Әр мемлекеттің өз тәсілі бар. Техникалық жабдықталу да әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – азаматтардың еркін дауыс беруіне мүмкіндік жасау. Учаскелерде құпия дауыс беру толық қамтамасыз етілгенін көрдік. Адамдардың шоғырлануы, ретсіздік жоқ, бәрі жақсы ұйымдастырылған. Ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ, – деді Тынчтык Шайназаров.

Медианың да өзіндік рөлі бар
Албания Мемлекеттік сайлау комиссары Илирджан Челибаши Астана қаласы әкімдігінің «№119 жалпы білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде орналасқан референдум учаскесіне барды. Халықаралық байқаушы мұндай науқандарда БАҚ пен азаматтық қоғамның рөлі өте маңызды екенін еске салды.
– Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдері бұл үдеріске оң және теріс жағынан да әсер ете алады. Біз әрқашан медианың өз міндетіне сай әрекет етуін қалаймыз. Яғни халықты ақпараттандыруда ашықтық болуы керек. Жалпы, Қазақстан халқының қабылдаған шешімінің дұрыс не бұрысын бағалай алмаймыз. Өйткені болашақта не болатынын немесе референдумның нәтижесі қандай болатынын айту әлі ерте. Меніңше, жаңа Конституция елдегі демократиялық стандартты жақсартуға ықпал етуі мүмкін, – деді Илирджан Челибаши.
Осылайша, шетелдік байқаушылар ел тарихындағы маңызды референдумның әділ өткенін, дауыс беру үдерісінің ашықтығын растады. Еске салсақ, науқанға 38 ел мен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысты.